Дархан Сатыбалды тұрғындармен кездесіп, ұсыныстарын тыңдады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қаласының әкімі Бостандық ауданы тұрғындарымен кездесіп, көпшілікті алаңдатқан мәселелерді тыңдады. Шаһар басшысы түйіні тарқамаған түйткілдерді талқылау үшін «Дом на Абая» тұрғын үй кешеніне барды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Дархан Сатыбалды жергілікті тұрғындармен былтыр да кездесіп, олардың өтініш-шағымын назарға алған еді. Сол кезде кешендегі электр желілері мен қосалқы трансформаторлық станция әлі коммуналдық меншікке берілмеген болатын. Бүгінде аталған нысандар қалалық Энергетика басқармасының қарауына өткен.

Атқарылған жұмысқа тұрғындар алғыстарын білдіріп, кешен аумағын абаттандыру, ағаш отырғызу және көлік тұрағын реттеу бойынша ұсыныстарын жеткізді. Қала әкімі тұрғындардың өтініштері назардан тыс қалмайтынын және жергілікті жұртты қолдауға дайын екенін айтты.

«Әкімнің уәде бергеніне бір жылға жуық уақыт өтті. Бүгін ол атқарылған жұмыстың нәтижесін көру үшін арнайы келді деп ойлаймыз. Біз шаһар басшысына мәселені шешуге көмектескені үшін ризашылығымызды білдіреміз. Сондай-ақ, сәті түсіп тұрған соң ауланы абаттандыру, ағаш отырғызу және көлік тұрағына қатысты ойымызды білдірдік. Қала әкімі ел сұрауы ескерусіз қалмайды деді», – деді қала тұрғыны Елена Важинская.

Айта кетейік, Дархан Сатыбалды қала тұрғындарымен тұрақты түрде кездесіп, көпшілікті толғандырған мәселелерді шешуге атсалысып келеді. Жүздесулер барысында қала тұрғындары тұрғын үй, инженерлік желілер, абаттандыру, экология және қауіпсіздік мәселелерін көтереді. Мұндай кездесулер алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын таппақ.