Қозыбаев көшесі абаттандырылып, мұнда 20 мыңнан астам ағаш егілді
Алматыда Жетісу саябағы жөндеуден өтті. Жаңа фотоаймақтар пайда болып, тұрғындардың бала-шағасымен серуендеуіне барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ Қозыбаев көшесі абаттандырылып, мұнда 20 мыңнан астам ағаш егілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бір кездері қараусыз қалғандай болған Жетісу ауданындағы Қозыбаев көшесі бүгінде адам танымастай өзгерген. Бір шақырымға жуық жол тұрғындардың серуендеуі үшін қолайлы етіп жасалды. Көше бойы толықтай абаттандырылып, 20 мыңнан астам тал-терек егілді. Аймақты жасылдандыру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Ең бастысы ата-аналар мен балалардың қауіпсіздігі үшін көшені кесіп өтуге арналған жаяу жүргіншілер жолағы жасалды.
"Биыл Жетісу аллеясының сол қанатын Құлагердің абаттандырдық. Ендігі таңда Құлагер шағынауданының тұрғындарының жаяу жүргіншілеріне қолайлы болу үшін 177 жарықшам орнатылды. Жаяу жүргіншілер жолы салынды", - деді Жетісу ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Нұрдәулет Қалдаров.
Жетісу саябағы да қаладағы ең көрікті орындардың біріне айналып шыға келді. Жаңартылған парктің ерекшелігі - фотоаймақтар мен арт-нысандар алаңының пайда болуы. Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жаңғыртылған саябақтың жұмысымен арнайы танысты. Балалар ойнайтын спорт алаңдарының сапасына ерекше мән беріп, барлық өзгерістер бірінші кезекте тұрғындар үшін қолайлы болуын қадағалауды тапсырды.
"Бала-шағамызды қыдыруға алып келдік. Өте ұнады. Қаланың көркін көркейтіп, сәніне сән қосып тұр. Өте керемет диназаврлар, кішкентай балалардың көңілінен шығып жатыр. Қуаныштымыз", - деді қала тұрғыны Мөлдір Күнболатова.
Бұл жұмыстардың барлығы Жетісу ауданындағы қоғамдық демалу орындарын біріктіреді. Саябақтар мен аллеялар, жаяу жүргіншілер жолдары бір-бірін толықтырып, жергілікті халықтың күнделікті өміріне қолайлы болу үшін жасалуда.
Асыл Махметов, Әлішер Ерғалиұлы, Мейрам Исабеков
Оқи отырыңыз: Алматы әкімі Дархан Сатыбалды азаматтарды жеке мәселесі бойынша қабылдады