Алматы мәслихаты депутаттары Балалардың құқығын қорғау басқармасын құруды қолдады

02.02.2026 12:00
пресс-служба акима Алматы

Мәслихаттың кезектен тыс XLI сессиясында депутаттар «Алматы қаласын басқару схемасын бекіту туралы» шешімге толықтырулар енгізу мәселесін қарады, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Мәселені талқылау аясында депутаттар жаңа құрылымдық бөлімше — Балалардың құқығын қорғау басқармасын құруды мақұлдады.

Аталған шешім Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының тапсырмасына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына енгізілген өзгерістерге байланысты қабылданып отыр. Бұл өзгерістер жергілікті деңгейде балалардың құқығын қорғау жөніндегі арнаулы орган құруға бағытталған. 

Сессияда сөз сөйлеген Алматы қаласы мәслихатының төрағасы Мейіржан Отыншиев балалардың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі бүгінде бүкіл ел бойынша ерекше маңызға ие екенін айтты. 

Оның айтуынша, жеке басқарманың құрылуы профилактика жұмыстарын күшейтуге, жедел әрекет ету тетіктерін жетілдіруге және ведомствоаралық үйлестіруді тиімді жолға қоюға мүмкіндік береді. Бұл халық саны көп әрі әлеуметтік инфрақұрылымы дамыған мегаполис үшін аса маңызды.

Оқи отырыңыз: Алматы қалалық мәслихаты Турксіб ауданының жаңа әкімі лауазымын бекітті