Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл – Алматының «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қосқан үлесі
Әлемдік поп-жұлдыз Дженнифер Лопестің республиканың түкпір-түкпіріндегі жұрт пен алыс-жақын шетелдердегі халықты жинады. Іс-шара аяқталғаннан кейін волонтерлер мен жастар ұйымдарының өкілдері қала тазалығына өз үлесін қосып, көпшілікке үлгі көрсетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Көпшілік көптен күткен концерт күні кеше өтті. Ал ауқымды іс-шарадан кейін мыңдаған адамды жинаған стадионды тазалап, ретке келтіру – күнтізбедегі кезек күттірмейтін іс. Алматылық еріктілер мен жастар концерт өткен аумақты жөнге келтіріп, қала тазалығына үлес қосты. Қолғап киіп, қоқыс қаптарын арқалаған олар трибуналар мен өткелдерді тазартып, айналаны 1 сағаттың ішінде тап-тұйнақтай еткен.
«Концерт аяқтала салысымен стадионды жинауға 300 ерікті көмекке келді. Бас-аяғы 1 сағаттың ішінде тазалап, 72 текше метрге жуық қоқыс шығарды. Тек ішін емес, сыртқы аумағын да ретке келтірді. Осындай игі іске атсалысып, қолдау білдірген әрбір азаматқа алғысымыз шексіз», – деді Орталық стадионның басқарушысы Ерлан Адамбеков
Қала тұрғындары да бұл бастаманы жөн санайды. Көпшіліктің айтуынша, мегаполистің экологиялық ахуалын жақсартып, қала тазалығына ерекше назар аудару маңызды.
«Бұл – жастар үшін керемет үлгі. Аумақты тазалап, қала экологиясына үлес қосу әр адамның міндеті», – деді қала тұрғыны Ардақ Жексенбиева.
Игі іске тек еріктілер емес, қала тұрғындары мен қонақтары да атсалысып, өз қоқысын жинады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл – Алматының «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қосқан үлесі.
Гүлмарал Изатқызы, Әлішер Ерғалиұлы
Оқи отырыңыз: Дженнифер Лопестің Алматыдағы концертіне келген көрермендердің үштен бірі – туристер