Эко-хаб: Алматыда мобильді эко-трек құру жоспарланып отыр

Бастама жастарды экологиялық мәселелерді шешуге белсенді түрде тартуды көздейді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда студенттерге арналған алғашқы эко-хаб ашылды. Бұл бастама жастарды экологиялық мәселелерді шешуге белсенді түрде тартуды көздейді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жоба «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып, өскелең ұрпақты қалдықтарды бөлек жинауға және қайта өңдеуге дағдыландыруға бағытталған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, студенттер экологиялық қозғалыстың негізгі қозғаушы күшіне айналуы мүмкін. Алдағы уақытта жоба аясында қаладағы басқа да оқу орындарында эко-хабтар ашу жоспарлануда.

"Студенттер бір-екі жыл ішінде әлеуметтік тұрғыда белсенді болып, табыс тауып, кейіннен отбасын құрады. Бұл – өте жылдам процесс. Бес жыл ішінде нағыз экологиялық армия тәрбиелей аламыз, тұрақты трендке айналатынына сенімдіміз. Барлық жоғары оқу орындарында осындай эко-хабтар ашуды жоспарлап отырмыз. Себебі қалада 250 мыңнан астам студент білім алады. Бұл қоғамда эко-мәдениетті қалыптастыратын негізгі күшке айналады деп сенеміз", – деді Eco Network жобасының жетекшісі Евгений Мұхамеджанов.

Жоғарғы оқу орнында орналасқан эко-хаб – қарапайым теориялық насихат алаңы емес, нақты іспен дәлелдейтін тәжірибелік кеңістік. Мұнда арнайы жабдықтар орнатылып, студенттер велошредерлер мен экструдер құрылғыларын пайдалана алады. Сонымен қатар экология тақырыбында шеберлік сабақтары өткізіліп, жастарға гринвошингтен сақтану жолдары түсіндіріледі.

Айта кетейік эко-хаб студенттермен ғана шектелмей, қала тұрғындарын да экологиялық мәдениетке баулиды. Алдағы уақытта барлық эко-хабтар біріктіріліп, мобильді эко-трек құру жоспарланып отыр.

"Мақсатым – Алматының тазалығына үлес қосу. Әр адам бір бөтелкені қоқысқа тастаса, 10 жылдан кейін таза қалаға айналуы мүмкін. Бұл экологияға өте жақсы әсер етеді", – деді Қ. И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ 4-курс студенті Мерейбек Манахабек.

 

 

Новости партнеров