Экологияны жақсартуға септігін тигізеді: Алматыда қызыл түсті электробустар қолданысқа берілді

28.07.2026 21:25

50 жаңа электр автобус қаланың оңтүстік және солтүстік бөліктерінің арасында  қатынайды

Алматыда қоғамдық көліктің қатысуымен болатын жол апаты азаюы мүмкін. Себебі қалада жасыл автобустардан бөлек, көзге бірден түсетін қызыл электробустар қолданысқа берілді. Сарапшылардың айтуынша, ашық реңктегі қоғамдық көлік тұманды әрі жаңбырлы ауа райында да анық көрінеді, сондықтан апат деңгейі төмендейді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Сонымен қатар, тоқпен жүретін техника ауаға артық газ шығармай, қала экологиясын жақсартуға да септігін тигізеді.

Тұрғындардың көзі жасыл автобустарға әбден үйреніп қалған. Бірақ қазір осындай қызыл түсті электробустар да жолаушы тасымалдайды. 50 жаңа электр автобус қаланың оңтүстік және солтүстік бөліктерінің арасында  қатынайды. Олардың ең басты артықшылығы – жаңа қоғамдық көліктер түні бойы қуатталады. Оның күші тәулігіне шамамен 450 шақырымды жүріп өтуге жетеді.

№134 және №140 бағыттағы электробустар 6 маусымнан бері жолаушы тасымалдап жүр. Ұзындығы 12 метр темір тұлпардың сыйымдылығы 90 адамға арналған. Күнделікті 41 электробус жолға шығады, ал қалған 9-ы қажет болған жағдайларда алмастырады. Олар қозғалыс кезінде зиянды газдар бөлмейді. Сондықтан қаладағы ауаның сапасын жақсартуға ықпал етеді. Сонымен қатар мұндай автобустардың қозғалтқышы артық дыбыссыз жұмыс істейді. Оның шу шығармайтын жүйесі мен электр қуатымен жүруі – қоршаған ортаға қауіпсіздік пен жайлылық береді.

«Әлемде ең жақсы шешімдердің бірі – электро автобус. Себебі дизельный автобус экология жағынан мәселелер бар. Сондықтан электроавтобусты сол бағытты дамытуға жоспарлап отырмыз. Азанда сағат 17:00-те шығады, түнде 24:00-де автобус ең соңғы автобус келеді. Шамамен  20-30 пайыз қуаты қалады. Ол Алматы қаласына толығымен жеткілікті», – деді жекеменшік автобус паркінің бас директоры Медет Шақаев.

«Жиырма жылдың ішінде қызыл автобусты бірінші рет көрдім. Адамға көзге ерекше көрінеді екен, ұнады. Қызыққаннан автопаркке жұмысқа кірдім», – деді электробус жүргізушісі Гүлбахар Сапаева.

Айта кетейік, қоғамдық көліктің әрқайсысына мүмкіндігі шектеулі жандардың жайлылығы үшін пандус, GPS жүйесі, бейнебақылау камерасы және салқындатқыш орнатылған. Тұрғындар электробустың ерекшеліктеріне оң баға берді.

«Жаңаның аты жаңа. Бәрі дұрыс, ұнайды. Бағытын интернеттен оқыдық. Түтін шығарып жатқаншы, осындай  қоғамдық көлік көп болсын», – деді  қала тұрғыны Гүлнәр Еркебаева.

«Түсі әдемі. Жасыл автобустан қызыл автобус ерекше көрінеді. Алматыға сәйкес, алма деген сөз», – деді қала тұрғыны Әсел Әбуова.

«Өте көп пайдасы. Ауаны ластамайды», – деді  қала тұрғыны Шынар Әбікенова.

Қызыл темір тұлпардың кәдімгі автобустардан техникалық артықшылығы жоқ. Яғни, олардың түсі қозғалтқышы мен жылдамдығына әсер етпейді. Әлемнің бірқатар елдерінде қызыл реңк ең алдымен қоғамдық көлікті бірден тануға мүмкіндік беретін бірыңғай бренд ретінде таңдалған. Жаһан мұндай қоғамдық көліктердің түсінен бөлек, экологиялық тазалығына да мән береді. Ұлыбритания, Сингапур, Қытай елдерінде де қызыл түсті автобустар қатынайды. Алматыдағы жаңа электробустар да –  осы халықаралық үрдістің бір бөлігі. Сарапшылардың айтуынша, қызыл түс бірден көзге түседі. Бұл жол апаттарының алдын алуға айтарлықтай пайдасын тигізуі мүмкін.

«Қызыл түсті автобустың болғаны бір жағынан жақсы деп ойлаймын. Өйткені автобус жолақтарымен көптеген жүргізуші жол ережесін білмегендіктен шығып кетеді және де автобусты көрмей қалады. Жаңадан бастап келе жатқан жүргізуші тарапынан қарасақ, қызыл түс тез көзге көрінеді және әйел кісі болса да оны тез байқайды. Сол себепті жол апатының санын азайту мақсатында да қызыл түсті бояп, қызыл түспен шығарғаны көрініп тұр», – деді автосарапшы Абзал Дәулетов.

Сарапшылардың айтуынша, қаладағы қоғамдық көліктер халықаралық деңгейге сай, ағынға ілесіп, жедел дамып келеді. Мамандар «Алдағы жылдары жасанды интеллектінің көмегімен жүретін және түнгі уақытта үздіксіз жолаушы тасымалдайтын автобустар да пайда болуы мүмкін» деген болжам жасады.

Айдана Шалқар, Әлішер Ерғалиұлу, Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз: Алматыда балалардың есту қабілетін ерте анықтайтын алғашқы трекинг-орталық ашылды