Алматының тарихи орталығы жаңа келбетке ие болады. Алмалы ауданында тұрғын үйлердің қасбеті бірыңғай қалалық дизайн-кодқа сәйкес жаңартылып жатыр. Назарбаев даңғылы, 161 және Шевченко көшесі, 51 мекенжайларындағы үйлерде жұмыс аяқталды. Жоба ғимараттардың сыртқы келбетін жаңартып қана қоймай, олардың пайдалану мерзімін де едәуір ұзартып отыр. Алмалы ауданының әкімі Арман Шәмшин Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз турында атап өткендей, жоба тарихи қалалардың сәулеттік тәжірибесіне негізделген. Мұнда Еуропа елдері мен Баку қаласында кеңінен қолданылатын табиғи тас материалдары пайдаланылып жатыр, - деп хабарлайды Almaty.tv.
Аудандағы 60 тұрғын үйдің қасбетін жаңарту жұмысы пәтердің иелерімен келісіп істелді. Кәдімгі сылақ ұзақ уақытқа жарамайтындықтан, осы жолы жаңа материалдар қолданылды. Тығыз қалалық ортада сылақ тез тозып, қайта-қайта жөндеп, сырлауды қажет етеді. Бұл үйлердің қасбеті соңғы рет 2018 жылы жөнделгенімен, қайта жаңартуға тура келген. Табиғи әрі берік тасты пайдалану – тұрақты урбанистикалық шешім. Бұл болашақта басы артық шығынды азайтып, қасбетті жиі жөндеу қажеттілігін төмендетеді. Наурыз айынан бастап аудан әкімдігі тұрғындармен жалпы жиналыс өткізіп, жобалық шешім мен қандай материал қолданылатынын келіскен.
«Келешек-51» МИБ төрайымы Елена Красновскаяның айтуынша, тұрғындар жаңғырту бағдарламасын қолдап, оның нәтижесіне оң баға берген екен.
«Біздің екі үйіміз осы бағдарламаға енгізілді. Тұрғындар бұл жобаны көптен күтіп, ұсынған өзгерісті бірден қолдады. Барлық шешімді әкімдікпен бірлесіп өткізген жиналыста қабылдады. Қасбеттен бөлек, бізге жаңбыр суын ағызатын жаңа жүйе мен шатырда мұз қатудың алдын алатын жүйе орнатылды. Шатыры еңістеу үйлер үшін бұл өте маңызды әрі қымбат шешім. Қолдау көрсеткендеріңізге алғыс білдіреміз», – дейді Елена Красновская.
Сәулеттік-көркемдік шешімді әзірлеу барысында үйлердің салынған жылы (1959 және 1964 жылдар) ескеріліп, инженерлік есептеуге ерекше назар аударылды. Іргетас пен көтергіш құрылымдарға артық салмақ түсірмеу үшін қаптау материалдарының салмағы мұқият есептелді. Бірінші қабатта тозуға төзімді гранит қолданылса, екінші қабаттан жоғары тек Ақтау кен орнынан алынған жеңіл әктас пайдаланылады. Бұл жұмыс ағымдағы эстетикалық жөндеу санатына жатады және қасбеттің сәндік әрлеуін қысқа мерзімде жаңартуға мүмкіндік береді. Ал құрылыс сатыларын алдын ала орнату қасбеттердің нақты сәулеттік өлшемдерін жүргізу үшін қажет болды.
Жаңғырту жұмыстары аясында заманауи сәулеттік жарықтандыру жүйесі де орнатылды. Жұмсақ жарық ғимараттардың сәулеттік ерекшеліктерін айқындап, кешкі уақытта көшенің көркін аша түседі. Жарықтандыру жүйесі тұрғындардың жайлылығы ескеріліп жобаланған: жарық тек қасбетке бағытталған, пәтер терезесіне түспейді. Сонымен қатар жарықтандырылған қасбеттер жүргіншілер аймағының қауіпсіздігін арттырып, көшенің жарықтануын жақсартады.
«Біз тарихи қасбеттерді сапалы дизайн-кодқа және әлемнің алдыңғы қатарлы қалаларының тәжірибесіне сүйене отырып жаңартып жатырмыз. Негізгі мақсатымыз – қасбетті қайта-қайта сырлай беруден бас тартып, сертификатталған қазақстандық табиғи әрі жеңіл тас материалдарын пайдалану. Қазіргі таңда Назарбаев пен Шевченко көшесіндегі ғимараттармен қатар бес тұрғын үйдегі жұмыс толық аяқталды. Технологиялық талапты қатаң сақтай отырып, замандық сәулеттік жарықтандыруды енгізу арқылы ауданымыздың көркем әрі жайлы келбетін қалыптастырып жатырмыз», – деді Арман Шәмшин.
Оқи отырыңыз: Алматыда алғаш рет ACT Creative Tech Week 2026 халықаралық апталығы өтіп жатыр