Футболдан БАҚ өкілдері арасында өткен турнирде «Алматы» телеарнасы бірінші орын алды

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Сондай-ақ «Алматы» телеарнасының қызметкері Заир Бегалы үздік қорғаушы атанды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда медиасала өкілдері арасында шағын футболдан жылдағы қалалық жарыс болып өтті. Биыл бесінші рет ұйымдастырылып отырған турнирде Қалалық өңірлік коммуникациялар қызметі журналистер мен блогерлердің тағы басын қосты. Бұл жолы журналистер жүлдеге бола ғана жарыспай, бір-бірімен танысып, жақсы уақыт өткізіп қайтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Ойын 25 сәуірде «Pride PFC» футбол клубының базасында өтті. Турнирге әртүрлі редакциядан келген 10 команда қатысты. Әр командада 8 ойыншыға дейін: 5 ойыншы алаңда, 3 ойыншы қосалқы құрамда болды.

Кәсіби футболшылардың жарысқа қатысуына тыйым салынды, Бұл тек әуесқойлар қатысқан жарыстың барынша тең деңгейде өтуіне мүмкіндік берді.

Соған қарамастан, алаңдағы тартыс кәсіби матчтан кем түскен жоқ: шапшаң шабуылдап, үлкен ойындағыдай айтыс-тартыс пен әсерлі сәттері көп болды.   

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов жарысқа қатысқандарды құттықтап, сөз сөйледі. Ол қала билігінің БАҚ өкілдерінің бастамасын үнемі қолдап, бәрінің осылай басын қосып отыруға ынталы екенін жеткізді.

«Алматы әкімдігі журналистердің бастамасын үнемі қолдап, олардың байланысын нығайтып, командалық рух қалыптастырғанын қалайды. Бұл жарыс — спортқа икемді екеніңді көрсетіп, журналистердің сөзге ғана емес, іске  де шебер екенін дәлелдейтін үлкен мүмкіндік. Ойын әрқайсының есінде қалатындай болып өтіп, жеңістен жеңіске жете беріңіздер!» — деді.

Қазақстандық спорттың аңызы, футбол ардагері Құралбек Ордабаев та жарысқа қонақ болып келді. Бұрын алматылық «Қайрат» клубының негізгі қақпашысы болған ол мұндай бастама қоғам үшін маңызды екенін айтады.

«Спорттың әртүрлі мамандық иелерінің басын қосып жатқанын көріп, қуанып қаласың. Мұнда керемет әсер алып, командалық рух та осындай кезде қалыпасады. Мұндай жарыс әсіресе, жастарға керек. Футбол адамның мінезін шыңдайды, футболда кейде жақсы дос та табасың», — деді Ордабаев.

Жарыстың соңында үздік командалар ақшалай сертификатпен марапатталды:

  • 1-орын — 1 000 000 теңге, «Алматы» телеарнасы;
  • 2-орын — 750 000 теңге, «КТК» телеарнасы;
  • 3-орын — 500 000 теңге, «Алатау ақпарат» ( «Вечерний Алматы» мен «Алматы Ақшамы» газеті).

Сондай-ақ: 

  • «Үздік қақпашы» номинациясы — Шоқан Маханов («КТК» телеарнасы);
  • «Үздік қорғаушы» — Заир Бегалы («Алматы» телеарнасы);
  • «Үздік шабуылшы» — Ислам Ноғай («Алатау ақпарат»).

Жарысты ұйымдастырған Өңірлік коммуникациялар қызметінің басшысы Балсұлу Әлекенова бұл іс-шараның мақсаты кәсіби қауымдастықты ұйыстыру түсу екенін атап өтті.

«Біз бұл жарысты журналистер бірге жұмыс істеп қана қоймай, бірге демалып, араласып, өз араларынан дос тапсын, өздерін үлкен бір команданың мүшесі ретінде сезінсін деп ұйымдастырып отырмыз», — дейді ол.

Қатысқандар да турнирдің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтты.  

«Мұндай ойын жұмыстан тыс уақытта әріптестермен еркін араласуға мүмкіндік береді. Бәрі ашылып сөйлеседі, мұндай жарыс журналистерді ұйыстырады», — деді «Хабар» командасының ойыншысы Саят Шапағатов.

«Ешкім жеңісті қолдан бергісі келмей, ойын қызықты өтті. Кәдімгідей күш-қуат жинап қайттық», — дейді «Информбюро» 31 арнасының өкілі Кирилл Харламов. 

Журналистер бұл жолы ақпаратпен ғана жедел жұмыс істемей, керек кезде ұйымдасып, нағыз спортшыға тән мінез де көрсете алатынын дәлелдеді.

Жыл сайын бұл жарыстың ауқымы кеңейіп, Алматы медиақауымдастығының мәдени және кәсіби өмірінің маңызды бөлігіне айналып барады.

Оқи отырыңыз: Таза Қазақстан: Алматыдағы Аюсай шатқалында сенбілік өтті

Новости партнеров