Әуеде насихатталған қала: Алматы туралы енді Asman Airlines ұшағында да оқуға болады

09.04.2026 11:06
пресс-служба акима Алматы

Қырғызстандық Asman Airlines әуекомпаниясы Almaty Tourism Bureau ұйымымен бірлесіп, Алматыны өзінің борттық журналында таныстырды. Басылым беттерінде жолаушыларға қалада қайда барып, нені көруге болатыны, қалай демалып, уақытты қызықты өткізуге болатыны туралы ақпарат ұсынылған. Олардың қатарында мәдени орындар, гастрономия, белсенді демалыс пен тау туризмі бар, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мұндай формат Алматыны әлеуетті туристерге ең қолайлы сәтте – сапар кезінде таныстыруға мүмкіндік береді. Ұшу барысында жолаушылар жаңа бағыттар мен демалыс идеяларына көбірек назар аударады. Бұл қаланың танымалдылығын арттырып, оның тартымды туристік имиджін нығайтуға және саяхатшылардың қызығушылығын күшейтуге ықпал етеді.

«Бұл жоба туристік сала мен әуе тасымалдаушы арасындағы тиімді әріптестіктің нақты үлгісіне айналды. Осындай ынтымақтастық сыртқы нарықтағы ілгерілету мүмкіндігін кеңейтіп, жаңа аудиторияны тартуға жол ашады», — деді Almaty Tourism Bureau ұйымының MICE бөлімінің басшысы Санжар Қалешов. 

Алматы туралы материалдардың борттық журналда жариялануы — қаланы өңірдегі заманауи әрі тартымды туристік бағыт ретінде ілгерілетуге бағытталған жүйелі жұмыстың тағы бір маңызды қадамы.

Оқи отырыңыз: Алматыда суды пайдалану мен кәріз жүйесіне бақылау күшейтілді