Алматы қаласының Мемлекеттік архиві елдің тарихи-мәдени мұрасын сақтаудағы негізгі қорлардың бірі. Бүгінгі таңда архивте 2 139 қор сақтаулы, оның ішінде 145-і жеке тектік қорлар. Аталған қорлардың құрамында 1860-2025 жылдар аралығын қамтитын 1 342 975 сақтау бірлігі бар. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Данияр Әлиев мәлімдеді, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.
2025 жылы мемлекеттік сақтауға әртүрлі тасымалдағыштардағы 22 514 сақтау бірлігі қабылданды. Бұл архив қорларының жүйелі түрде толықтырылып, құжаттық массивтің тұрақты өсіп отырғанын көрсетеді.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында Алматы қаласының Мемлекеттік архивінде архивтік құжаттарды цифрландыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
«2023-2025 жылдар аралығында архивтік материалдарды цифрлық форматқа көшіру көрсеткіштерінің өсуі техникалық базаның кезең-кезеңімен жаңартылуы және заманауи кеңсе техникасының сатып алынуымен тікелей байланысты. Атап айтқанда, 2023 жылы архивтік құжаттарды цифрландыру көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 3 пайызға артты», – деп атап өтті басқарма басшысы Данияр Әлиев.
2025 жыл архив үшін ерекше маңызға ие болды. Осы жылы архивке планетарлық және автоматтандырылған кітап сканерлері сатып алынды. Бұл құжаттарға зақым келтірмей, ұқыпты әрі қауіпсіз түрде цифрландыруға мүмкіндік берді. Аталған жабдықтар стандартты емес материалдарды (сызбалар, карталар, схемалар), сондай-ақ физикалық тұрғыдан әлсіреген құжаттарды (калька, крафт-қағаз, винтажды тасымалдағыштар) цифрландыруда кеңінен қолданылады.
2026 жылы 1 қаңтардағы жағдай бойынша архивте 146 529 іс цифрландырылып, олардың жалпы көлемі 20 012 075 парақ болды.
2025 жылы «Архивтік анықтамалар, архивтік құжаттардың көшірмелері мен архивтік үзінділерді беру» мемлекеттік қызметі аясында 35 946 қызмет көрсетілді.
Алматы қаласының Мемлекеттік архиві ұрпақтар сабақтастығын айқындайтын құжаттық жадыны сақтаумен қатар, заманауи цифрлық шешімдерді белсенді түрде енгізеді. Бұл тарихи мұраны азаматтар, зерттеушілер және болашақ ұрпақ үшін барынша қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Архивтің цифрлық трансформациясы өткен мен бүгінді жалғайтын маңызды көпірге айналып, тарихты тірі әрі ашық ресурс ретінде ұсынады.
Оқи отырыңыз: 2026 жылы Алматыда ірі халықаралық концерттер мен мәдени фестивальдер ұйымдастырылады