Ғылым ордасында құрылыс қалай жүргізіліп жатыр

24.11.2025 18:54

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары барысында күрделі жөндеуден өтіп жатқан Ғылым ордасына барды

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары барысында күрделі жөндеуден өтіп жатқан Ғылым ордасына барып, ондағы құрылыс қарқынымен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ғимаратта ғылыми институттар өз қызметін жалғастырып жатқандықтан, жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен қолға алынған. Бүгінде мұнда инженерлік жүйелер ауыстырылып, терезелер мен едендер толық қайта қалпына келтіріліпті.

Сондай-ақ шаһар басшысы Республикалық физика-математика мектебінің филиалында жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстарын да бақылады. Қазір нысанда ішкі әрлеу, құрал-жабдықтарды орнату және аумақты абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Әсіресе спорт зал, дәрісхана, зертхана мен асхана блогын толық жарақтандыруға басымдық беріліп отыр.

«Аз жұмыс қалды. Бұл мектеп 9 блоктан тұрады. Екі блок реконструкция, қалғаны жаңадан салынды. Қазіргі таңда соңғы мәредегі жұмыстар істелініп жатыр. Келісім бойынша уақытылы тапсырамыз», – деді мердігер ұйымның атқарушы директоры Дидар Ахметқалиев.

Жұмыс сапары барысында мегаполис басшысы Ганди саябағын да аралады. Ол мұнда суды үнемді пайдалану үшін автосуару жүйесін енгізу мәселесін жан-жақты қарастыруды тапсырды. Сондай-ақ қаладағы жасыл желекке күтімді күшейтуді міндеттеді.

Оқи отырыңыз: Алматыда жыл соңына дейін 20-дан астам мұз айдыны ашылады