Инклюзивті білім беру: Алматы мектептерінде мамандар жеткілікті ме

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда инклюзивті білім беру 212 мектептің 198 білім ордасында жүзеге асырылып жатыр. Бұл – мегаполистегі білім беру мекемелерінің 93 пайызы. Қазір бұл мектептерде арнайы педагогтар, тифлопедагог, ерте қолдау педагогы және аутистік спектрі бұзылған балалармен жұмыс істейтін мамандар еңбек етуде. Ал инклюзивті қолдау кабинеттері шаһардың қанша мектебінде бар? Биыл осы бағытта қанша мұғалім арнайы оқудан өтті? Осы және өзге сұрақтарға «Алматы» телеарнасының студия қонағы №10 жалпы білім беретін мектептің директоры Шара Үдірімова жауап береді.

– Шара Сабырқызы, Алматы мектептерінде ерекше қажеттілігі бар балалар үшін қандай нақты мүмкіндіктер қарастырылған?

«Алматы қаласындағы инклюзивті білім беру жүйесі жыл сайын кеңейіп келеді. Қазіргі таңда мегаполистегі 212 жалпы білім беретін мектепте ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға жағдай жасалған. 2024–2025 оқу жылының өзінде инклюзивті біліммен қамтылған балалар саны 4888 асты. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда айтарлықтай өсім бар екенін көрсетеді. Мектептердің ішінде ерекше балаларға қолдау көрсету үшін арнайы педагогтар, педагог-ассистенттер, сондай-ақ тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды сүйемелдейтін жеке көмекшілер жұмыс істейді. Сонымен қатар қала мектептерінің басым бөлігінде логопед, арнайы педагог, педагог-психолог мамандар қызмет көрсететін қолдау кабинеттері бар. Бұл кабинеттер ерекше қажеттілігі бар баланың әлеуетін ашуға, оқу процесіне бейімделуіне барынша жағдай жасайды»

 – Инклюзивті білім беру сапасы көбіне кадрлық қамтамасыз етуге байланысты. Алматы мектептеріндегі арнайы педагогтар мен педагог-ассистенттердің жағдайы қандай? Мамандар жеткілікті ме?

«Иә, өте орынды сұрақ. Себебі инклюзивті білімнің табысты жүзеге асуы ең алдымен мамандарға тікелей байланысты. Қазіргі таңда Алматы мектептерінде арнайы педагогтар мен педагог-ассистенттер кезең-кезеңімен штатқа енгізіліп жатыр. 2024 жылдан бастап бұл мамандар мектеп құрылымына тұрақты түрде енгізілген болатын. Қалада бүгінде ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жұмыс істейтін 8000 педагог арнайы біліктілікті арттыру курсынан өтті. Олардың қатарында логопедтер, арнайы педагогтар, педагог-психологтар және тифлопедагогтар мен сурдопедагогтар бар. Сонымен қатар тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға жәрдемдесетін жеке көмекшілер де біраз мектепке енгізілді»

– Сіздерде инклюзивті білім беру қалай дамып жатыр?

«Біздің мектебіміз 2018 жылдан бері инклюзивтік білім беру жұмысын ұйымдастыру мақсатында жұмысын бастап кетті. 2018 жыл 9 баламен ерекше білімді қажет ететін  балалармен жұмысымызды бастағанбыз, қазіргі таңда 51 оқушы бар. Жұмысымыздың нәтижесінде  2021 жылдан бастап қалалық ресурстық орталық деңгейінде өстік.. Бұл жердегі қалалық ресурстық орталықтың басты мақсаты неде? Мақсаты – Алматы қаласы білім беру мекемелеріндегі жұмыс істеп жатқан  арнайы педагогтарымызға,педагог-ассистенттерімізге және де әдістемелік көмек көрсету».

Оқи отырыңыз: Ақтауда көлік қаққан екі баланың бірі жансақтау бөлімінде жатыр

Новости партнеров