Қала күніне орай «Ән Алматы» мерекелік концерті өтті

13.09.2026 11:54

Негізгі мерекелік бағдарлама 19-20 қыркүйек күндері Алматының бірқатар қоғамдық кеңістіктерінде өтеді

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматыда Қала күніне орай «Алатау» дәстүрлі өнер театрының алаңында «Ән Алматы» атты мерекелік концерт өтті, деп хабарлайды Almaty.tv

Музыкалық кештің негізгі мақсаты – Алматының мәдени келбетін, шығармашылық әлеуетін және қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті шаһарына деген құрметін өнер арқылы дәріптеу.

Концертте музыкалық композициялар мен театрландырылған көріністер арқылы қаланың тарихы, мәдени мұрасы, дәстүрі мен бүгінгі тынысы көрермен назарына ұсынылды.

Мерекелік кеште қазақстандық эстрада өкілдері мен «Алатау» дәстүрлі өнер театрының шығармашылық ұжымы бір сахнада өнер көрсетті.

Концертке Алтынбек Қоразбаев, Мөлдір Әуелбекова, «Меломен» тобы, Ғаділбек Жанай, Abik Jeksen, «Бақай» тобы, Issatai, Айбек Жағыпар, «Sardar» тобы, Әзімбек Байлин, Әлихан Байсұлтан, Інжу Әнуарбек, Зульфия Омарова, Нұрдаулет Карлов, ARUYESS, Дана Максим, Диана Майер, Әлем Құсайнова, Назигүл Әліқұлова және басқа да өнерпаздар қатысты.

«Ән Алматы» концерті Қала күніне арналған мерекелік іс-шаралардың бастамасы болды.

Қала күніне арналған негізгі мерекелік бағдарлама 19-20 қыркүйек күндері Алматының бірқатар қоғамдық кеңістіктерінде өтеді.

Атап айтқанда, Абай және Астана алаңдарында, Панфилов – Жібек жолы жаяу жүргіншілер көшелерінің аумағында, сондай-ақ «Алатау» дәстүрлі өнер театрының алаңында мәдени және ойын-сауық іс-шаралары ұйымдастырылады.

Мерекелік бағдарлама қала тұрғындары мен қонақтарына арналған концерттерді, мәдени іс-шаралар мен түрлі форматтағы мерекелік жобаларды қамтиды.

Оқи отырыңыз: Алматыда 2-ЖЭО-ны газға көшіру жұмыстары 94%-ға орындалды

Толық көрсету