Қала күніне орай Терренкурда жаңа мурал пайда болды

17.09.2026 12:42

Композицияның негізгі тақырыбы - қозғалыс пен бұқаралық спорт

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматыдағы Терренкурда Қала күніне және Almaty Marathon-ның 15 жылдығына орай жаңа мурал салынды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Туынды әл-Фараби даңғылының астындағы тоннельге орналастырылды. Бұл жүгіру, жаттығу және белсенді серуенге арналған танымал бағыттардың бірі. Муралдың авторы - Repas граффити-командасы.

Композицияның негізгі тақырыбы - қозғалыс пен бұқаралық спорт.

«15 жыл ішінде Almaty Marathon Алматы өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Біз осы тарихты қала кеңістігінде де қалдырғымыз келді. Марафонның энергиясын жеткізіп, спорттың түрлі адамдарды қалай біріктіретінін көрсететін туынды жасауды көздедік. Бұл мурал қозғалыс, халық және осы жылдар бойы Almaty Marathon-мен бірге өзгеріп, дамып келе жатқан қала туралы. Оның дәл қазір, Алматы Қала күні мен мерейтойлық Almaty Marathon-ға дайындалып жатқан кезде пайда болуының да өзіндік мәні бар», — деді Almaty Marathon ұйымдастырушысы — «Бірінші болу — батылдық» корпоративтік қорының атқарушы директоры Салтанат Қазыбаева.

Жүгіру жарысы 27 қыркүйекте қала әкімдігінің қолдауымен өтеді. Оған әлемнің 60-тан астам елінен 16 мың адам қатысады.

Жарыс бағдарламасына 42,2 км, 21,1 км және 10 км қашықтықтар, скандинавиялық серуен, сондай-ақ командалық Экиден эстафетасы кіреді.

Оқи отырыңыз: Елімізде 2,6 мың ауыл мектебіне жасанды интеллект енгізіледі

Толық көрсету