Ашық алаңда 100 сауда орны орналасқан
Алматының Қала күнін мерекелеу аясында Бостандық ауданындағы «Қазақфильм» шағынауданында жаңартылған демалыс күнгі жәрмеңке ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жаңғырту жұмыстарынан кейін 49 сотық аумақ заманауи талаптарға сай көркейтілді. Мұнда сатып алушыларға, фермерлер мен отандық тауар өндірушілерге арналған 112 сауда орны қарастырылған.
– Біз осы коммуналдық жәрмеңкені жаңғырту жобасының операторымыз. Бұған дейін мұнда көп жыл бойы шатырлы жәрмеңке жұмыс істеді. Уақыт өте келе ол ескіріп, заманауи талаптарға сай келмей қалды. Биыл жылдың басында оны жаңартуға кірістік. Бүгінде жұмыстардың басым бөлігі аяқталды, – деді «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Ғабдуллин.
Ашық алаңда 100 сауда орны орналасқан. Тағы жеті орын жабық павильонда, бесеуі фудкорт аймағында қарастырылған. Ашық аумақта ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қатысуымен дәстүрлі демалыс күнгі жәрмеңкелер жалғасады. Ал жабық бөлігі тұрақты жұмыс істеп, отандық өндірушілерге өнімдерін күн сайын сатуға мүмкіндік береді.
Әнуар Ғабдуллиннің айтуынша, бүгінде алаңда жүзден астам тауар өндіруші, оның ішінде шаруа қожалықтары өз өнімдерін ұсынып отыр. Мұнда ет, көкөніс, жеміс-жидек, жұмыртқа, сүт өнімдері және басқа да отандық өнімдерді сатып алуға болады.
Жақын маңдағы үйлердің тұрғындары да жәрмеңкеге сұраныстың жоғары екенін атап өтті. Жергілікті тұрғын Светлана азық-түлік алу үшін мұнда тұрақты келетінін, әсіресе жергілікті өндірушілердің жаңа өнімдерін сатып алу мүмкіндігін бағалайтынын айтты.
– Мұнда жаңа піскен жеміс-жидек, жидектер, қарақат бар. Маған ұнайды. Әсіресе асқабақ, жұмыртқа, ет сапалы. Көкөністер мен жемістерді Есіктен, Бәйдібек биден әкеледі, яғни өзіміздің өңірде өсірілген өнімдер. Меніңше, бұл сапалы әрі табиғи өнім, – деді Светлана.
Оның айтуынша, мұндай жәрмеңкелер аға буын үшін де маңызды.
– Осындай жәрмеңкелердің ұйымдастырылғаны – жақсы бастама. Әрине, мұндай шаралар қажет, өйткені халық арасында зейнеткерлер көп. Біз, бұрынғының адамдарымыз, табиғи өнімнің дәмін білеміз, көкөніс пен жемістің қандай болуы керектігін түсінеміз. Мұнда адамдар өнімін өздері өсіріп, өздері әкеледі. Сондықтан осындай жәрмеңкелердің болғанын қолдаймын, – деді тұрғын.
Кәсіпкерлер үшін де жәрмеңке өнімдерін сатуға мүмкіндік беретін сұранысқа ие алаң болып отыр. Іле ауданынан келген кәсіпкер София Караева жәрмеңкеге он жылға жуық уақыттан бері қатысып келе жатқанын айтты.
– Біз үшін бұл жәрмеңкенің пайдасы зор. Мұнда он жылға жуық уақыт бойы әр апта сайын жұмыс істеп келеміз. Осындай жәрмеңкелердің арқасында өнімдерімізді толық өткізуге мүмкіндік бар. Сатып алушылар үнемі келеді. Сондықтан бізге бәрі ұнайды және алдағы уақытта да жәрмеңкеге қатысуды жоспарлап отырмыз, – деді София Караева.
«Біздің бау-бақшамыз, егістігіміз бар – біз осы кәсіппен күн көреміз»
Жәрмеңкедегі тағы бір сатушы Лейла Мадодаева отбасылық шаруашылықтың өнімдерін ұсынады. Оның айтуынша, көкөніс пен жемістерді Алматы облысының бірнеше елді мекенінде туыстары өздері өсіреді.
– Бәрі өзіміздікі. Бәйдібек биде, Есікте, Жаңатұрмыста ағаларым шаруашылықпен айналысады. Өз шаруашылығымыз, малымыз, бау-бақшамыз бен егістігіміз бар. Сондықтан мұнда өз өнімдерімізді әкелеміз, – деді Лейла Мадодаева.
Сатушының сөресінде тайфи, мускат және кишмиш сорттарының жүзімі, шабдалы, алма, алмұрт, сарымсақ пен көкөністер бар. Ұсынылған өнімдердің басым бөлігі отбасылық шаруашылықта өсірілген.
Сатушының айтуынша, олардың өнімдерінің бағасы супермаркеттерге қарағанда төмен. Ал жаңа піскендігі мен сапасын фермерлік өнімдердің басты артықшылықтарының бірі деп санайды.
Ол үшін жәрмеңкеге қатысу – ең алдымен отбасылық шаруашылықта өсірілген өнімді өткізу мүмкіндігі.
– Жәрмеңкенің бізге қандай пайдасы бар? Біздің бау-бақшамыз, егістігіміз бар, өнімді қайда да бір өткізу керек. Біз осы кәсіппен күн көреміз. Сондықтан мұнда адам көп келгені бізге тиімді. Бүгін ауа райы да жақсы, Қала күні де болып жатыр, сондықтан сатып алушылар көп, – деді ол.
Баға бақылауда
Жәрмеңкені жаңғырту жұмыстары нысанның әлеуметтік бағыты сақтала отырып, жеке инвестициялар тарту арқылы жүргізілді. Сонымен қатар қазіргі сауда орындары жәрмеңкеге қатысып жүрген кәсіпкерлерге сақталады.
Жаңартылған нысан ашылғаннан кейін коммуналдық нарықты әкімшілендіру және ұсынылған бағалардың сақталуын бақылау «Алматы» ӘКК» АҚ-ға жүктеледі.
– Бағалар міндетті түрде бақылауда болады. Сауда департаментінің мамандары тұрақты түрде мониторинг жүргізеді. Бақылаушылар жәрмеңкелерге күніне бірнеше рет келіп, өнімдердің қандай бағамен сатылып жатқанын тексереді. Бірінші кезекте бұл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қатысты, – деп атап өтті Әнуар Ғабдуллин.
Бұл ретте сауда орындарын жалға алу құны өзгермеген.
– Барлығы бұрынғы деңгейде қалды. Жалға алу ақысы күніне 1 АЕК мөлшерінде. Егер жалға алушы бірнеше күн жұмыс істегісі келсе, тиісінше, сол күндердің санына қарай ақы төлейді, – деп түсіндірді ӘКК өкілі.
Жаңартылған жәрмеңке қыс мезгілінде де жұмыс істейді. Әнуар Ғабдуллиннің айтуынша, бұған дейін де нысан суық мезгілде шатырлы форматта жұмысын жалғастырған.
– Қыста да жәрмеңке жұмыс істейді. Суық мезгілде келушілерге жайлы болуы үшін күн түсетін жағынан қосымша жабын орнатамыз. Бұл жұмыстарды алдағы айларда аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді ол.
Аумақты көркейтуге да ерекше көңіл бөлінді. Мұнда көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, инфрақұрылым жаңартылды және заманауи жарықтандыру жүйесі орнатылды. Сондай-ақ LED-дисплей іске қосылады. Онда тұрғындар ұсынылған тауарлардың бағасы туралы ақпарат алып, әлеуметтік және мемлекеттік жарнамаларды көре алады.
Нысанды қайта жаңғырту жұмыстары шамамен бес айға созылды. Әнуар Ғабдуллиннің айтуынша, құрылыс жұмыстары топырақтың ерекшелігіне байланысты қиындықтар туғызған. Соған қарамастан негізгі жұмыстардың барлығы жәрмеңке ашылғанға дейін аяқталды.
– Тек өткен жылдың өзінде мұнда 100 мың тоннадан астам көкөніс пен ет өнімі сатылды. Бұл өте үлкен көлем. Қала шетіндегі аудандардың тұрғындары үшін мұндай нысандардың маңызы зор. Өйткені қажетті өнімді тікелей өндірушілердің өзінен сатып алуға мүмкіндік береді, – деді ол.
Жалпы жыл басынан бері Алматыда шамамен 300 демалыс күнгі жәрмеңкесі өткізілді. Оларда Алматы қаласы мен Алматы облысының фермерлік және жеке шаруашылықтарының мыңнан астам түрлі өнімі ұсынылды. Ассортиментте ет, жұмыртқа, көкөніс пен жеміс-жидек, қышқыл сүт өнімдері, шұжық өнімдері, бал және басқа да тауарлар бар. Жәрмеңкелерге апта сайын шамамен 50 мың адам келеді.
Басқа аудандарда да жаңа жәрмеңкелер ашылады
Коммуналдық жәрмеңкелерді жаңғырту жұмыстары қаланың басқа аудандарында да жалғасады.
– Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса береді. Қазір қаланың бес ауданында коммуналдық жәрмеңкелер салу жобалары жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар жұмыс істеп тұрған нысандарды жаңғырту да қарастырылған. Қалай болғанда да, жеке инвесторды тарта отырып құрылыс жүргізген кезде нысанның сапасы мен одан әрі жұмыс істеуіне ерекше мән беріледі, – деді Әнуар Ғабдуллин.
«Қазақфильм» шағынауданындағы жаңартылған жәрмеңке тұрақты жұмыс істейді, ал дәстүрлі демалыс күнгі жәрмеңкелер ашық алаңда жалғаса береді.
Оқи отырыңыз: Алматыда 21-27 қыркүйек аралығында ауа райы қандай болады