Қазақстандық сайлаушылар дауыс беру құқығын бағалайтынына көзіміз жетті - Михаэль Хаммер

23.08.2026 21:53

Алматыдағы сайлау учаскелеріндегі дауыс беру барысын Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының өкілдері де бақылады

Алматыдағы сайлау учаскелеріндегі дауыс беру барысын Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының өкілдері де бақылады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Халықаралық байқаушылар бірнеше учаскеге барып, сайлау процесінің ұйымдастырылуын бағалаған. Шетелдік сарапшы Михаэль Хаммер Әуезов ауданындағы №154 сайлау учаскесінде болып, комиссияның жұмысымен, бюллетеньдерді беру тәртібімен танысқан. Сондай-ақ азаматтардың сайлауға қатысуына жасалған жағдайға назар аударыпты

«Біз 6-7 сайлау учаскесіне бардық. Алайда алдын ала пікір білдірген жоқпыз. Барлық байқаушылардан ақпарат жиналғаннан кейін, нақты қорытынды жасалатынын айттық. Бұл деректердің барынша дәл әрі шынайы болуы үшін қажет. Жалпы сайлау жақсы ұйымдастырылғанын байқадық. Қазақстандық сайлаушылар дауыс беру құқығын бағалайтынына көзіміз жетті», – деді ЕҚЫҰ байқаушылар миссиясының мүшесі Михаэль Хаммер.  

№154 сайлау учаскесінде барлығы 1992 алматылық тіркелген. Олардың бірқатары таңертеңнен бастап дауыс беруге келді. Ал алғаш рет дауыс берген жас қала тұрғындарына естелік сыйлық табысталды.

«Учаске таңғы сағат 7:00-де ашылған кезде-ақ адамдар келіп, кезек күтіп тұрды. Негізінен, жасы үлкен азаматтар дауыс берді. Олар сайлауға үлкен жауапкершілікпен қарады. Біздің учаскеде саяси партиялардың байқаушылары, сенімді өкілдері және халықаралық байқаушылар да жұмыс істеді», – деді № 154 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Гүлмира Әділова.

Оқи отырыңыз: Халықаралық байқаушылар Құрылтай сайлауының ұйымдастырылуына жоғары баға берді

Толық көрсету