Құрылтай депутаттарының сайлауы күні Алматыда 60 сәби дүниеге келді

23.08.2026 23:16

Мәлімет бойынша 30 қыз бен 30 ұл өмірге келген

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

2026 жылғы 23 тамызда, Құрылтай депутаттарының сайлауы өткен күні Алматының медициналық ұйымдарында 60 сәби дүниеге келді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Сағат 00:00-ден 19:00-ге дейінгі мәлімет бойынша 30 қыз бен 30 ұл өмірге келген.

Бұл күні Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына қарасты перзентханалар мен басқа да медициналық ұйымдардың пациенттері мен қызметкерлері де азаматтық құқығын пайдаланып, дауыс берді.

23 тамыз көптеген отбасы үшін айрықша күнге айналды. Бұл күн олардың жадында ел өміріндегі маңызды қоғамдық-саяси оқиғамен ғана емес, сәбилерінің дүниеге келуімен де есте қалмақ.

Жаңа туған сәбилерге зор денсаулық, ал ата-аналарына бақ-береке, амандық және перзенттерімен бірге өткізген әр күннің қуанышын сезінуді тілейміз.

Оқи отырыңыз: Жарқын, ауқымды, креативті: Алматыда дауыс беру күні қалай өтті

Толық көрсету