Қысқы Паралимпиада қатысушылары Алматыдағы матчтың құрметті меймандары болды

05.04.2026 22:33

Кездесуде «Қайрат» командасы 4:0 есебімен жеңіп, айқын басымдылық танытты

Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматыда «Қайрат» пен «Астана» футбол клубтары арасындағы ойын барысында 2026 жылғы қысқы Паралимпиадаға қатысқан спортшылар құрметті қонақ ретінде арнайы шақырылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Паралимпиадашылардың келуі матчтың маңызын арттырып, бейімделген спортты дамыту мен ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдаудың өзектілігін айқындай түсті.

Қонақтар қатарында 2026 жылғы қысқы Паралимпиада ойындарының чемпионы әрі қола жүлдегері Ербол Хамитов та болды. Ол халықаралық деңгейде жоғары нәтижелерге қол жеткізген, еліміздегі паралимпиадалық спорттың белді өкілдерінің бірі. Оның жетістіктері табандылықтың, қайсар рухтың және спортқа деген шынайы адалдықтың айқын дәлелі.

Матч аясында паралимпиадашылар стадионды құрмет шеруімен айналып өтіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Жанкүйерлер оларды зор қошеметпен қарсы алып, ұзақ уақыт қол соғып қолдау білдірді. Бұл көрініс кештің ең әсерлі сәттерінің біріне айналып, көпшілікке ерекше әсер сыйлады.

Кездесуде «Қайрат» командасы 4:0 есебімен жеңіп, айқын басымдылық танытты.

Паралимпиадашылардың матчқа қатысуы — отандық спортшылардың жетістіктерін дәріптеудің, сондай-ақ қоғамдағы бірлік пен өзара құрметтің айқын белгісі болды.

Іс-шара соңында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында жанкүйерлер мен еріктілердің қатысуымен экологиялық акция ұйымдастырылып, тазалық мәдениетін қалыптастыру мен қоршаған ортаға ұқыпты қараудың маңыздылығы насихатталды.

Оқи отырыңыз: Алматыда «Қайрат» – «Астана» матчынан кейін жанкүйерлер еріктілермен бірге стадионды тазалады