Қала әкімі сирек кездесетін кітап қорымен танысты

05.11.2025 16:43

Қала әкімі спорт, мәдениет орталықтарын және демалыс орындарын дамытуды, тұрғындардың уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасауды тапсырды

Алматыда бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Екі жылдың ішінде шаһарда 6 жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылған. Ал тұрғындардың жаттығып, салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасап отырған орталықтың бірі Бостандық ауданында орналасқан. Бүгін шаһар басшысы сол нысанның қызметімен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

Қала әкімі жұмыс сапары кезінде, Бостандық ауданында орналасқан спорт кешендерінің бірін аралап көрді. Аумағы 7 мың шаршы метрден асатын орталықта тұрғындардың жайлылығы үшін барлық жағдай жасалған. Нысанда келушілер заманауи құрал-жабдықтармен жаттығады. Ал ерекше күтімді қажет ететін жандар үшін арнайы қондырғылар орнатылған. Ерекшелігі сол, мұндағы бассейн мен баскетбол алаңы халықаралық стандарттарға сай келеді. Спорт кешені кез келген деңгейдегі жарысты өткізуге қауқарлы.

«Біз 3 бағыт бойынша жұмыс істейміз. Бассейн мен баскетбол алаңы келушілерге ашық. Сондай-ақ нысанда жаттығу залы бар. Қысқаша айтқанда, ұжыммен бірге кәсіби спортшыларды дайындап шығарамыз. Күні бүгінге дейін 7 мыңнан аса баланы жаттықтырып үлгердік», – деді спорт кешенінің негізін қалаушы Любовь Пак.

Орталықты аралап болғаннан соң, шаһар басшысы Ұлттық кітапханаға барды. Руханият ордасында қала әкіміне, оқырман билеті табысталып, соңғы 6 айда атқарылған істің нәтижесі көрсетілді. Сирек кездесетін кітаптар бөлмесі таныстырылды. Кейін туындылардың электронды форматын дайындауға көмектесетін жабдықтардың қызметі айтылды. Материалдық, техникалық базаның жаңартылғаны сөз болды.

«Бұл жерде 1930 жылдан бергі диссертация қоры бар. XII ғасырдан бергі сирек қор, қолжазба бар. Әлемнің 26 тілінде сирек кітаптар мен қолжазбалар, жалпы қорда 123 тілде кітаптар бар. Шетелдік және шетелде оқитын студенттер көп келеді», – деді ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Ғазиза Нұрғалиева.

Атап өтер жайт, күніне кем дегенде 100 жаңа оқырман келіп, тіркеледі. Мекеме қызметкерлері «оның 90 пайызға жуығы жастар» дейді. Бір ғана қазанда Ұлттық кітапхана 12 мыңнан астам адам қабылдаған. Ал кездесу соңында, қала әкімі спорт, мәдениет орталықтарын және демалыс орындарын дамытуды, тұрғындардың уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасауды тапсырды.

 Рүстем Айткәрім, Думан Дәлетбақұлы, Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз: Алматы Орталық Азияның спорт астанасы мәртебесін нығайтып келеді