«Қалқаман» стансасына дейінгі жаңа тоннельде рельс төсеу жұмыстары басталды

17.07.2025 20:08

Бекет Абай даңғылы бойында Әшімов көшесінен батысқа қарай орналасады

Алматыдағы «Момышұлы» метро бекетінен «Қалқаман» стансасына дейінгі жаңа тоннельде рельс төсеу жұмыстары басталды. Бұл туралы мердігер компанияның өкілдері мәлімдеді. Бүгін құрылыс алаңына қала тұрғындары барып, атқарылып жатқан жұмыспен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Қалқаман» метро бекетінің құрылысы 2020 жылы басталған. Алайда Наурызбай ауданының қарқынды дамуына байланысты араға 2 жыл салып, жаңа стансаның орналасатын жері қайта қаралып, бекітілді. Бүгінде сол жақ тоннельді қазу жұмыстары толық аяқталған. Ал оң жағындағы 1 жарым шақырым жолдың 840 метрі қазылыпты.

«Жер қазғанда үлкен тастар кедергі келтіреді. Бірақ оны да заманауи технологияның көмегімен жойып жатырмыз. Жұмыс кесте бойынша, уақытылы жүріп жатыр. Айына 115 метр қазамыз. Демек, тәулігіне 4 метрден», – деді кешенді бригаданың бригадирі Сәбит Сабенов.

Бекет Абай даңғылы бойында Әшімов көшесінен батысқа қарай орналасады. Платформаның ұзындығы 98 метр болады. Мердігер компания өкілдерінің сөзінше, жолаушылардың жайлылығы үшін заманауи құрылыс тәсілдері пайдаланылып жатыр.

Айта кету керек, «Момышұлы» бекетінен «Қалқаман» стансына дейінгі жаңа тоннельде рельс төсеу жұмыстары басталды.

«Жердің астына түсіп, алғашқы пойыз жүретін рельстерді қойып жатыр. Ертең үстімен пойыздар жүреді. Енді жылдың соңына дейін жұмы аяқталады деген ниетіміз бар. Оған барлық мүмкіндік бар, адамдар, мамандар жеткілікті», – деді жобаның басқарушы директоры Мұрат Өкшебаев.

Алматыда салынып жатқан жаңа стансаның құрылысымен бүгін қала тұрғындары да танысты. Олар ауқымды жоба аясында атқарылып жатқан жұмысты көріп, жерасты көлігінің тезірек іске қосылғанын күтіп жүргендерін айтты.

«Біз сырттай «метро салынып жатыр» дей саламыз. Дегенмен ішке кіргеннен кейін өте ауқымды жұмыстар жүріп жатқанын көрдім. Метро басшысымен де сөйлесіп келе жатырмыз. Ел игілігіне беріледі деп қуанып жатырмыз», – деді қала тұрғыны Әсел Ұзақова.

Жаңа стансаның құрылыс-монтаждау жұмыстары келер жылдың бірінші жартыжылдығында аяқталуы тиіс. Бүгінде жоба аясында 400-ден астам адам 3 ауысыммен жұмыс істеп жатыр.

 Айта кетейік, бұл метро бекетінің ашылуы қаладағы көлік қозғалысын жақсартып, жолаушылардың санын 30 мыңға арттырады деп жоспарланған.

Гүлмарал Изатқызы, Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: Алматыдағы Геологтар аллеясына күрделі жөндеу жүргізіледі