Басқосуда басқарма басшылары мәслихат депутаттарының сауалына жауап берді
Алматының бюджеті қайта нақтыланды. Белгілі болғандай, қаражат 3,6 миллиард теңгеге азайып, 2 триллион 508,4 миллиард теңгеге тұрақтады. Қалалық мәслихаттың кезектен тыс 35-сессиясында депутаттар осындай тоқтамға келді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сондай-ақ кездесуде әлеуметтік салаға қосымша 66,1 миллиард теңге бөлінгені айтылды. Білім беру бағытындағы жобаларды жүзеге асыру үшін 41,2 миллиард теңге жұмсалмақ. Жауаптылардың айтуынша, қаржының басым бөлігі қауіпсіздікті нығайтуға бағытталады. Жиында спорт және денсаулық саласында да оң өзгерістердің бары жеткізілді.
«Сонымен қатар, қауіпсіздік мәселелеріне де көңіл бөліп отырмыз. Соның ішінде мынау ТЖД тез соғылатын 4 кешен салу қарастырылып жатыр. Астана қаласында Президенттің қатысумен ашылды. Ал Алматыда 4 кешеннің құрылысы 3 айға дейін уақыт алады», – деді қалалық мәслихаттың төрағасы Мейіржан Отыншиев.
Басқосуда басқарма басшылары мәслихат депутаттарының сауалына жауап беріп, бюджет қаражаты нақты қай іске жұмсалатынын да сөз етті. Мысалға, енді біріңғай форматта саябақтар мен өзен жағалауларын абаттандырып, тазартуға үлес қосатын «Жасыл Алматы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне 4,9 миллиард теңге бөлінбек. Ал одан бөлек, жиында медициналық орталықтарға цифрлық жүйелерді енгізу жайы сөз болды. Қала бюджетінің қадағаланып, жоспарға енгізілген жобалардың құрылысын созбай, келер жылдың наурыз айынан бастау қажет екені де айтылды.
«Биыл Алматы қаласының бюджеті 2,5 триллион теңге – еліміздегі ең үлкен бюджеттердің бірі. Сондықтан да Алматы қаласының 42 депутатына бұл қаржыны қадағалаудың үлкен жауапкершілігі жүктелген. Сонымен қатар мәслихаттың ішкі мәселелері де қарастырылады, бұл жерде кейбір депутаттардың өкілеттілігі тоқтатылып, жаңа депуттар келуі м.мкін», – деді қалалық мәслихат депутаты Дулат Тастекей.
Оқи отырыңыз: Алматыда Орталық Азиядағы балаларға арналған алғашқы ғылым музейі ашылмақ