Алматы кардиоорталығы аритмияны емдеу мүмкіндігін арттырды

03.03.2026 09:28
пресс-служба акима Алматы

Алматы қалалық Кардиологиялық орталығы жүрек ырғағы бұзылған науқастарға көрсетілетін жоғары технологиялық медициналық көмектің аясын кеңейтті. Серіктестердің қолдауымен орталық жүрекшелер фибрилляциясы бар пациенттерге криоабляция жасау үшін екінші криобаллон консольін өтеусіз пайдалануға алды. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері хабарлады, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Орталықтың аритмология бөлімінің меңгерушісі Артур Әбдімомыновтің айтуынша, жүрекшелер фибрилляциясы мегаполисте ғана емес, бүкіл ел бойынша ең жиі кездесетін жүрек ырғағы бұзылыстарының бірі. Ол инсульттің, жүрек жеткіліксіздігінің дамуына және тұрмыс сапасының төмендеуіне әкелетін негізгі қауіп факторларының қатарына жатады.

Жүрекшелер фибрилляциясы жүректегі ретсіз электрлік белсенділікпен сипатталады. Соның салдарынан жүрек соғысы тұрақсыз әрі жиілеп кетуі мүмкін. Аталған дертті емдеудің заманауи әрі тиімді тәсілдерінің бірі – криобаллондық абляция. Бұл патологиялық импульс көздерін арнайы салқындату әдісі арқылы оқшаулауға бағытталған аз инвазивті процедура.

Артур Әбдімомыновтың айтуынша, 2025 жылы орталықта шамамен 170 криобаллондық абляция жасалған. Екінші консоль іске қосылғаннан кейін 2026 жылы мұндай емдеу санын екі есеге дейін арттыру жоспарланып отыр. Бұл жоғары технологиялық медициналық көмекке қолжетімділікті кеңейтіп, ота кезегін қысқартуға мүмкіндік береді.

«Техникалық мүмкіндіктердің артуы жүрек ырғағы бұзылған науқастар саны жыл сайын көбейіп отырған мегаполис үшін аса маңызды. Ота көлемінің ұлғаюы емді дер кезінде жүргізуге, асқыну қаупін азайтуға және пациенттердің тұрмыс сапасын жақсартуға жол ашады. Барлық ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында жүзеге асырылады және Қазақстан азаматтары үшін тегін», – деді аритмолог.

Орталық өкілдерінің айтуынша, фибрилляцияны емдеудің жоғары технологиялық әдістерін енгізу мен кеңейту – қаланың кардиологиялық қызметін жүйелі дамыту және пациенттердің игілігі жолында бизнес-қоғамдастықпен серіктестікті нығайтудың нәтижесі.

Оқи отырыңыз: Алматыда 2030 жылға дейін дендрологиялық жоспар әзірленеді