ҚазҰУ-да ғалымдар референдум нәтижесін талқылады

10.10.2024 14:19

Түрлі сала қызметкерлері халықтың саяси белсенділігін жоғары бағалады

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымы түрлі сала қызметкерлерінің басын қосып, референдумның нәтижесін талқылады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Ғалымдар халықтың саяси белсенділігін, маңызды мәселеге деген көзқарасын жоғары бағалап, АЭС-тің Қазақстанға берер тиімділігін талдады. Оған қажетті инфрақұрылымды жақсарту жайын қозғап, атом энергетикасы бағытында зерттеу жұмыстарын көбірек жүргізу керек деген тұжырымға тоқталды. Сондай-ақ кадр дайындау мәселесіне қатысты да ой қосты.

«Қазір жаңа толқын келіп жатыр. Оларды да оқытып, үйретіп, қажетті мамандарды даярлауымыз керек. Қазақтың жастары кез келген реформаға, ғылымға, техникаға тез бейімделеді. Бәрі де қолынан келеді. Сондықтан алаңдайтын нәрсе емес. Оған 10-15 жыл уақыт бар», - деді философия ғылымының докторы, профессор Зейнәбіл Айдарбеков.

«Ақылмен, талқымен, қарсы пікірлерді тыңдап, ескеріп келіп қабылданған шешім. Қысқаша айтқанда, бұл біздің демократиялық ел ретінде дамуымызға пәрмен беретін жақсы бір дәстүр болмақ», - деді заң ғылымының кандидаты Қазыбек Дәуітәлиев.

Оқи отырыңыз: Алматыда кеңейтілген ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді