Келер жылы Алматы бюджетінің жартысына жуығы қай салаға жұмсалатыны айтылды

04.12.2024 19:56

Мегаполисте әлеуметтік саланы күшейтуге бағытталған қаражат көлемі жыл сайын өсіп келеді

2025 жылы Алматы бюджетінің 41 пайызы әлеуметтік салаға жұмсалады. Қалалық мәслихаттың алдын ала дерегі бойынша, бұл бағытқа 806,1 миллиард теңге бөлу жоспарланыпты. Оның ішінде денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғыртуға арналған қаржыландыру мөлшері келер жылы 2,6 есеге өсетіні айтылған. Көрсеткіш шамамен 69,4 миллиард теңгеге ұлғаймақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматыда әлеуметтік саланы күшейтуге бағытталған қаражат көлемі жыл сайын өсіп келеді. Мәселен, көрсеткіш 2023 жылы - 664,5, 2024 жылы 741,2 миллиард теңгеге шақталса, ал 2025 жылы бұл салаға 806,1 миллиард теңге бөлу жоспарланды. Сондай-ақ келер жылы денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы мөлшері де ұлғаймақ. Жоспарға сай, 1326 дәрігер мен медициналық ұжымды оқытудың үш деңгейлі бағдарламасын жүзеге асыру және қаладағы медициналық мекемелерді қажетті дәрі-дәрмек, құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету көзделген.       

"Халықаралық стандартқа сәйкес, оның ішінде инклюзиясы, бәрі қарастырылған. Бостандық ауданында екі емхана салынып жатыр, келесі жылы бітіп қалады деп үміттеніп отырмыз. Жедел жәрдем автокөлігімен қамту мәселесіне де қаражат қарастырылып жатыр", - деді қалалық мәслихаттың депутаты Жандос Нәдіров. 

Жедел жәрдем автопаркін жаңарту үшін тағы 50 автокөлік сатып алу жоспарланыпты. Сонымен қатар 2024-2025 жылы 20 денсаулық сақтау нысанын күрделі жөндеуден өткізу, оның 10-ында келер жылы жұмысты аяқтау көзделген екен. Ал жоспар бойынша спорт бағытын дамыту үшін 26,6, мәдениет саласына 19,8, жастар саясатын қолдауға 2,8 миллиард теңге бөлу мақсат етіліпті.   

"Жоспарға сай, келер жылы, ұлттық және мемлекеттік мерекелер қарсаңында мәдени маңызы бар 20 іс-шара өткізіледі. Сондай-ақ 29 жалпы қалалық кеш ұйымдастырылмақ. Алматының имиджін сақтауға арналған "Бозторғай", "Азия дауысы" сынды фестивальдер де өз көрерменін күтеді. Ал қоғам арасында спортты дамыту үшін 3000-нан аса іс-шара, оның ішінде 20 халықаралық сайыс өткізу жоспарланып отыр. Ол шамамен 350 мыңға жуық адамды қамтымақ", - деді қалалық мәслихаттың депутаты Диана Ерлан. 

Сондай-ақ келер жылы Алматыға газбен жүретін 600 және электр қуатымен қозғалатын 200 автобус сатып алу көзделіпті. Ал оған бөлінген қаражат биылғымен салыстырғанда 21,7 миллиардқа артық екен. Сонымен қатар тұрғындарды сапалы, таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 5 жаңа нысанның салынып жатқаны, 2025 жылы 300 шақырым жолға орташа жөндеу жұмысының жүргізілетіні белгілі болды. 

"Көлік инфрақұрылымын дамытуға 2025 жылы 338,6 миллиард теңге бөлінбек. Көрсеткіш биылғымен салыстырғанда 15,5 пайызға өскен. Ал энергетика және сумен қамтамасыз ету бағытына бюджеттен 101,1 миллиард теңге қарастырылды. Ол шамамен 75,6 пайызға артып отыр. Келер жылы коммуналдық инфрақұрылымды күшейту үшін 38,7 миллиард теңге жұмсалмақ. Өсім – 32,5 пайыз", - деді қалалық мәслихаттың депутаты Зәуреш Өмірбаева.

Сапалы жарық бағаналарын орнату жұмысы да 2025 жылы жалғасын табады. Қазір Алматы көшелерінің 85 пайызы жарық жүйесімен қамтылған десек, келер жылы бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізіп, қараңғылықтан арылтуға жағдай жасалмақ. Еске салайық, 6-шы желтоқсанда өткізілетін Мәслихаттың кезекті отырысында Алматының 2025-2027 жылдарға арналған бюджетін бекіту мәселесін қарау жоспарланған.

Рүстем Айткәрім, Мейрам Исабеков, AlmatyTV

Оқи отырыңыз: Инклюзивті орта құру: Алматыда ең үздік жобалар байқауы қалай аяқталды