Келешек мектебі: Қырғызстан делегациясына қолөнерге баулудың жаңа әдістері таныстырылды

27.11.2025 16:59

Шаһарда ұлттық жобасы шеңберінде 21 жаңа білім нысаны салынып, соның 13-і қолданысқа берілген

Алматыда өтіп жатқан ЮНИСЕФ конференциясы аясында Қырғыз Республикасының делегациясы қаладағы №214 жалпы орта білім беретін мектепке арнайы барды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қонақтарды Оқу-ағарту бірінші вице-министрі қарсы алып, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы бойынша бой көтерген жаңа білім ордасының мүмкіндіктерін таныстырды. 2580 бала оқитын заманауи мектепте делегацияға ұлдардың шеберханасында ағашты күйдіріп өңдеу технологиялары көрсетіліп, қолөнерге баулудың жаңа әдістері таныстырылды.

Айта кетейік, бүгінгі таңда шаһарда «Келешек мектептері» ұлттық жобасы шеңберінде 21 жаңа білім нысаны салынып, соның 13-і қолданысқа берілген.

«Алматы қаласына Қырғызстан үкіметінің делегациясы келді. Білім саласына келетін болсақ, бүгінгі таңда салынып жатқан «Келешек мектептерінің» жобасымен танысты», – деді Білім басқармасының басшысы Сайран Сайфеденов.

Сонымен қатар, Қырғыз Республикасының делегациясына Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова елдегі білім саласының қазіргі ахуалы мен негізгі бағыттары жөнінде кеңінен ақпарат берді. Айтуынша, республика бойынша 7 мың 921 мектепте 4 миллионнан астам оқушы білім алып жатыр. Сондай-ақ қонақтар педагог мәртебесін арттыру бағытындағы шаралармен, мұғалімдердің аттестация жүйесімен және білім беру үдерісіне жасанды интеллектіні енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты.

Оқи отырыңыз: Алматыда мереке алдындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді