Келешек мектептері: Алматының Бостандық ауданында жаңа мектеп ашылды

02.09.2025 20:58

Оқу ошағының табалдырығын биыл 258 бүлдіршін аттаған

Алматының Бостандық ауданында да жаңа мектеп ашылды. Оқу ордасы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтерген. 1500 оқушыны қабылдауға қауқарлы білім мекемесі заманауи технологиялармен қамтылып, сапалы жиһаздармен жабдықталған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бостандық ауданындағы №215 мектепте де алғаш рет қоңырау соғылды. Оқу ошағының табалдырығын биыл 258 бүлдіршін аттаған. Қала әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков білім мекемесіне арнайы барып, оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.

«Еліміздің түкпір-түкпірінде жаңа мектептер бой көтеріп, балаларға заманауи білім алуына жағдай жасалуда. Бұл жоба – Президенттің «Әділетті Қазақстан» идеясын жүзеге асырудағы маңызды қадам. Бүгін ашылып отырған білім ордасы соның жарқын дәлелі», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков.

Жаңа мектепте 62 сынып бар. Оқу кабинеттері заманауи жиһазбен және құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілген. Сондай-ақ бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін бөлек блоктар қарастырылған.

«№ 215 жалпы білім беретін мектептің жарлығы бойынша мектеп қазақ және орыс сыныптарына арналған. Мектепте оқушылардың білім алуына, сапалы тәрбие алуына барлық жағдай жасалған. Мектебімізде робототехника, 301 адамға арналған акт залы, 257 адамға арналған асхана бар. Пән кабинеттері толығымен жабдықталған», – деді № 215 жалпы білім беретін мектеп директорының міндетін атқарушы Жанар Оразалиева.

Айта кетейік, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен іске асып келеді. Мақсаты – қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты жойып, жаңа форматтағы білім ұйымдарын құру.

Рүстем Айткәрім, Гүлмарал Изатқызы, Рашиддин Якупов

Оқи отырыңыз: Алматы әкімі Алатау ауданының тұрғындарымен кездесті