Халық қатысатын бюджет: Наурызбай ауданында 34 жоба жүзеге асырылмақ

25.08.2025 21:39

Жоба аясында 100 көлікке арналған автотұрақ салынып, тұрғындардың сұранысымен аспан астындағы театр ашылды

Биыл Наурызбай ауданында «Халық қатысатын бюджет» бастамасы аясында 34 жоба жүзеге асырылмақ. Жалпы, мұнда абаттандыру және қоғамдық кеңістіктерді дамыту бағытындағы жұмыстар қарқын алды. Солардың бірі – аудандық әкімдік алдындағы жаяу жүргіншілер аймағы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Шұғыла сити» мен «Әлем сити» тұрғын үй кешендерін жалғайтын жаяу жүргіншілер жолы 2 жыл бұрын қолданысқа берілген. Бүгінде тұрғындардың сүйікті серуендеу орнына айналды. Жоба аясында жарты шақырымға жуық жол абаттандырылып, автоматты суару жүйесі бар көгал егілген. Сондай-ақ сыртқы жарықшамдар орнатылып, балаларға арналған түрлі ойын жабдықтары мен спорттық элементтер қойылған үлкен кешен ашылған. Мұндағы барлық құралдар балалардың физикалық және зияткерлік дамуына, әрі әлеуметтік бейімделуіне ықпал етеді.

«Бұл учаскеде 1900 шаршы метр тас төсендісі төселді. Автосуару жүйесімен жабдықталған 2200 шаршы метр көгал егілді. 150 ағаш отырғызылып, 60 дана жарықшам орнатылды. Сонымен қатар жаяу жүргіншілер мен автокөліктерге арналған жол бөлігі салынды», – деді мердігер компания өкілі Сергей Московкин.

Жоба аясында 100 көлікке арналған автотұрақ салынып, тұрғындардың сұранысымен аспан астындағы театр ашылды. Қазір мұнда түрлі үйірмелер мен ансамбльдер өнер көрсетіп, сахналық қойылымдар қоюға мүмкіндік бар. Жалпы, нысан маңында 40 көпқабатты үй орналасқан. Онда 8 мыңға жуық тұрғын тұрады.

«Тұрғындардың сұранысы бойынша, 100 автокөлікке көлік тұрағы салынды. Тұрғындар үшін қажет деп танылған амфитеатр бой көтерді, одан әрі серуендейтін алаңға өтеді. Онда балалар ойнайтын спорт алаңдары бар. «Балалар қалашығында» жас ерекшелік ескеріліген», – деді Наурызбай ауданы ұйымдастыру және бақылау бөлімінің бас инспекторы Ақбаян Нұрланова         

Наурызбай ауданында абаттандыру мен қоғамдық кеңістіктерді дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Биыл жоспарланған 34 жобаның 16-сы абаттандыруға, 9-ы қоғамдық орын мен ойын алаңын салуға, алтауы тұрғын үй ауласын жөндеуге арналады. Сондай-ақ автотұрақтар мен жол жабындысын салу мен сыртқы жарықтандыруды қолға алу жоспарланған.

Олжас Омарбек, Думан Дәулетбақұлы

Оқи отырыңыз: Түрксіб ауданы тұрғындарының мәселесі қалай шешіледі