Халық пен мемлекет арасындағы көпір: Алматының білім саласындағы цифрлық жобасы несімен бағалы

«Халықаралық тәжірибе» аталымында үздік деп танылған отандық бастама - Орталық Азия елдерінің үздік ондығына енген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының білім саласындағы цифрлық жобасы халықаралық деңгейде мойындалды. Қалалық Білім басқармасының Ахуалдық орталығы Мәскеуде өткен байқауда арнайы жүлде иеленді. «Халықаралық тәжірибе» аталымында үздік деп танылған отандық бастама - Орталық Азия елдерінің үздік ондығына енген жалғыз жоба, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Марапатқа ие болған Ахуалдық орталық білім беру саласындағы ақпараттық кеңістікті тұрақты бақылап, әлеуметтік желілердегі азаматтардың өтініші мен пікірін талдайды. Түскен мәліметтерді саралап, жауапты мекемелермен байланысты үйлестіреді. Осылайша, қоғамды толғандырған мәселе назардан тыс қалмай, тиісті қызметтердің жедел әрекет етуіне мүмкіндік туады.

Жобаның осы ерекшелігі халықаралық сарапшылардың назарын аударған көрінеді. Бұған дейін ол «Мемлекет және қоғам» номинациясы бойынша үздік 10 жобаның қатарына енген. Биыл алтыншы рет ұйымдастырылған байқау әлеуметтік желідегі талдау мен цифрлық коммуникация саласындағы үздік бастамаларды саралайды. Ол 8 тақырыптық номинация мен 3 арнайы санатты қамтыған. Үміткерлердің жұмысын кәсіби қазылар алқасы бағалады.

«Халықаралық марапатқа ие болу – команда үшін маңызды оқиға. Алматыда әзірленген жобаның Қазақстаннан тыс жердегі кәсіби қауымдастық тарапынан мойындалғаны ерекше қуантады. Жалпы жобаның идеясы жүйелі механизм жасап, халық пен мемлекеттік органдар арасында көпір орнату. Цифрлық технологияларды қолданып, мониторинг енгізіп, ұтымды, ең бастысы жұмыс істейін механизмге айналды. Бұл – елдің атынан сайысқа салынған жалғыз жоба», – деді жоба жетекшісі Рафаэль Гасанов.

Оқи отырыңыз: Дархан Сатыбалды Алматыны қысқы маусымға дайындау және құрылыс жұмыстарына бақылауды күшейтуді тапсырды