«Almaty SuperSki»: Мегаполистің тау бөктерінде ауқымды шаңғы жолдары пайда болады

Оларды дамыту кезінде таудың табиғи-климаттық ерекшеліктері мен маусымдық өзгерістері ескерілмек

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының тау бөктерінде 60 шақырымнан астам шаңғы жолын салу көзделіп отыр. Бұл жұмыстар «Almaty SuperSki» жобасы аясында жүзеге асырылады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алайда тау туризмін дамыту инфрақұрылымға ғана емес, табиғи-климаттық жағдайға да байланысты. Ауа температурасы, жауын-шашын мөлшері мен қар жамылғысының сақталу ұзақтығы демалыс маусымына тікелей әсер етеді. Мамандар осы ерекшеліктерді зерттеп, тау бөктерінің мүмкіндігін саралады.

Алматы Іле Алатауының солтүстік баурайында орналасқан. Мұнда тау туризмі жыл бойы жалғасады. 2025 жылы Іле-Алатау ұлттық паркіне 901 мың адам барса, «Шымбұлақ» 1 миллион 100 мың қонақ қабылдаған. Сондықтан сарапшылар таудағы демалысты жоспарлау кезінде ауа райы мен маусымдық ерекшеліктерді ескеру маңызды екенін айтады.

– Биіктеген сайын ауа температурасы әр 100 метр сайын шамамен 0,6 градусқа төмендейді. Мәселен, 1000 метрге көтерілгенде температура айырмашылығы 6 градусқа жетеді. Осы көрсеткіш арқылы таудағы климаттық жағдайды шамамен есептеуге болады. Яғни биіктеген сайын ауа салқындай түседі, – деді ЮНЕСКО аясындағы Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығының жетекші инженері Ирина Диких.

Қазгидромет мамандарының айтуынша, таудағы ауа райы қалаға қарағанда құбылмалы. Биіктеген сайын ауа салқындап, жел күшейіп, жауын-шашын сипаты өзгереді. Мәселен, қалада күндіз ауа температурасы 33 градусқа жеткен кезде таулы аумақта 23 градустан аспаған. Сондықтан тауға шығар алдында дәл сол аумаққа арналған ауа райы болжамымен танысу қажет.

– Тауда ауа райының күрт өзгеруі жиі байқалады. Бұған температуралық инверсия да әсер етеді. Мәселен, қыста күн ашық кезде тау бөктері қаланың төменгі бөлігіне қарағанда жылырақ болуы мүмкін. Мұны тауға жиі шығатын адамдар да жақсы біледі, – деді «Қазгидромет» РМК Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша филиалы бөлімінің басшысы Дәулет Құрманғазыұлы.

Қазір Алматыда тау кластері мен «Almaty SuperSki» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Оларды дамыту кезінде таудың табиғи-климаттық ерекшеліктері мен маусымдық өзгерістері ескерілмек.

Мәди Мәлік, Әмина Үсенова, Ғани Қалуов, Almaty TV.