Дархан Сатыбалды тұрғындар мәселесін жеке-жеке тыңдауды жалғастырып жатыр
Қала әкімі Дархан Сатыбалды тұрғындар мәселесін жеке-жеке тыңдауды жалғастырып жатыр. Бұл жолы қабылдауға екі кәсіпкер келіп, қаланың сәулеттік келбетін толықтыратын жоба ұсынды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Әкім жауапты мамандарға ұсынысты жан-жақты зерттеп, оның шаһар құрылысы талаптарына сәйкестігін тексеруді тапсырды.
«Біз өз мәселемізді айттық. Қабылдауға Сәулет басқармасынан бастап жауапты мамандардың бәрі қатысты. Әкім мәселемізді шешуге уәде берді. Қабылдау өте жақсы ұйымдастырылған. Әкімнің қабылдауына кіргенде, оның қаламызға жаны ашитын, қала тұрғындарының жағдайына бейжай қарамайтын адам екенін байқадық. Ол кісінің осындай қарқынмен жұмысын жалғастыра бергенін қалаймын», – деді кәсіпкер Абылайхан Саматдин.
Әкім қабылдауында бұдан бөлек, әлеуметтік қызметтер, жер қатынастары және жұмысқа орналасуға қатысты мәселелер көтерілді. Мәселен, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған Шынар Асымханова Дархан Сатыбалдыға баспана жайын айтып, көмек сұрады. Сөзінше, келіншек бес жылдан бері үй кезегінде тұр. Қабылдау кезінде оған бір апта ішінде үй берілетіні айтылды.
«Мен – ерекше баланың анасымын. Қызым екеуміз бес жылдан бері баспана кезегінде тұрдық. Әкімнің қабылдауына келіп, өтінішімді айттым. Маған бір апта ішінде баспана берілетінін жеткізді. Бұған қатты қуанып отырмын. Көптен күткен жақсы жаңалық болды», – деді қала тұрғыны Шынар Асымханова.
Оқи отырыңыз: Алматыда «Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша өтінім қабылдау басталады