Kitap Fest 2025: Алматы күнінде 10 мыңнан аса кітап сатылды

21.09.2025 18:54

Рухани мерекеде 60 түрлі баспа өнімін ұсынған

Алматының ең көп адам жиналатын орындарының бірі Арбат алаңында қала күніне орай «Kitap Fest 2025» фестивалі өтті. Екі күнге жалғасқан мерекелік іс-шараға 30 мыңнан астам адам келіп, 10 мыңнан аса кітап сатылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматыда қатарынан он бірінші мәрте өткізілген кітап мерекесі биыл да дәстүрін жалғастырып, Арбатты рухани ордаға айналдырды. Мұнда шаһар жұрты жәрмеңкелерді қызықтап, жаңа туындылардың тұсаукесеріне куә болды.

«Кітап фестивалі 11 жыл бойы аталып өтіп жатыр. Кітап, оқырман – бір-бірінен ажырамайтын дүние. Кітапты насихаттау, кітапқа қалай келу керек, оқырманды тарту – мақсатымыз. Сондықтан да барша қауымды, оқырманды кітап оқуға шақырамыз», – деді Алматы қаласы кітапханалар жүйесі директорының орынбасары Ләззат Спатаева.

Әдеби фестивальге қатысушылардың бірі – жас қаламгер Әлия Мейірбек. Ол алматылық жеткіншектердің өмірін арқау еткен тұңғыш кітабының елу данасын арнайы әкеліп, оқырмандар назарына ұсынды. Одан бөлек, рухани мерекеде 60 түрлі баспадан шыққан 10 мыңнан астам еңбек қойылды. Олардың екі мыңнан астамы – тың туындылар.

«Музыканттар сүйікті қаласына ән арнаса, режиссерлер фильм түсіреді, ал жазушылар Алматы туралы қалам тербейді. Мен де осы шаһарда жасөспірімдерінің бастан кешкен оқиғаларын қағазға түсірдім. Бұл – жүрегімізге жақын қала туралы тағы бір сырлы хикая. Онда жеткіншектердің сынақтарға қалай төтеп беретіні, қиындықтарды қалай еңсеретіні баяндалады», – деді жас қаламгер Әлия Мейірбек.

Сонымен қатар бұл рухани мерекеде қала меймандарын Абайдан бастап Шекспир бейнесіне енген актерлер қарсы алып, келушілермен емен-жарқын сұхбаттасты. Сурет пен қолөнерге арналған аймақтар да көпшіліктің ерекше назарына ілікті.

«Кітапханада оқығанды жақсы көремін. Мектеп кезден құрбым болатын, бізге сол кісі кітапханаға баруды, оқуды үйреткен. Қанға сіңген әдет, өазір кітап болса, кітапханаға барам», – деді қала тұрғыны.

«Балаларға арналған, тарихи, әдеби кітаптар бар. Екі-үш кітап алдық»,  деді қала тұрғыны.

Айта кетейік, бүгінде шаһарда 28 кітапхана жұмыс істейді. Бұл орындар жастар үшін коворкинг орталығының да қызметін атқарады. Мамандардың айтуынша, кітапқа құштар оқырмандар қатары жыл өткен сайын көбейіп келеді.

Мәди Мәлік. Амина Усенова, Мейрам Исабеков

Оқи отырыңыз: Мың жылдық тарихы бар Алматы жайлы қызықты деректер