Көшпенділер даласы: Алматыда ит тұқымдарына арналған көрме ұйымдастырылды

29.09.2024 в 16:57

Халықаралық көрмеге барлығы 500-ден астам ит қатысты

Алматыда «Аврора кубогы» және «Көшпенділер даласы» атты барлық ит тұқымы қатысатын екі көрме өтіп жатыр. Іс-шараны «Аврора» кинологиялық клубы ұйымдастырып отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі «Алматы ақшамы» газетіне сілтеме жасап.

Халықаралық көрмеге Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейден барлығы 500-ден астам ит қатысуда. Елуден астам ит тұқымы Қазақстан чемпионы және Халықаралық әсемдік чемпионы атақтарын сарапқа салады. Оған Нидерланд, Словакия, Грекия және Қытайдан келген халықаралық сарапшылар төрелік етеді.

Алматы қаласында ұлттық көрме, халықаралық көрме және монотұқымды тазыға арналған арнайы көрме өтіп жатыр. Монотұқымды көрмеге 30-дан астам тазы қатысып отыр. Бұл тарихи оқиға. Себебі тазыны әлемдік деңгейде мойындағанға дейін біздің иттеріміз мойындалмаған топтың ішінде өнер көрсететін. Бүгін өзіне ұқсас мойындалға иттердің арасында сайысқа түседі. Төрешілер иттердің, оның ішінде тазының да бойын, биіктігін, жүні мен құйрығын, сүйектерінің дұрыс болуын, тістерін және мінезін тексереді. Жеңімпаз болған итті бақылауға алып, оның генетикасын сақтауға жұмыс істейміз, - деді Қазақстан кинологтар одағының президенті Бауыржан Серікқали.

Айта кеткен жөн, биыл 3 қыркүйекте Халықаралық кинологиялық федерация (FCI) қазақ тазысын ресми түрде әдепкі тану туралы шешім шығарып, Қазақстанға осы тұқым стандартының иесі мәртебесін берді. Бұл жетістікке ҚР Президенті Іс басқармасының қамқорлығымен Қазақстан кинологтары одағының қажырлы еңбегінің және күш-жігерінің, сондай-ақ бірегей тұқымды сақтауға, дамытуға және танымал етуге орасан зор үлес қосқан көптеген кинологтардың, селекционерлердің, итбегілер мен әуесқой азаматтардың арқасында қол жеткізілді.

Иттер көрмесі қарсаңында 6-15 жас аралығындағы балалар қатысқан «Көшпенді және ит» суретшілер байқауы өткізілді. Қатысушылардың барлық туындысы 28-29 қыркүйектегі көрмеде жұртшылық назарына ұсынылып, жеңімпаздар иттер көрмесінің ашылуы қарсаңында марапатталды.

Оқи отырыңыз: Ұлттық ономастика: Алматыда республикалық семинар өтті