Құрбан айт: Алматыда мал сойып-таратуға арнайы 12 мешіт белгіленді

06.06.2025 10:42

Шаһар мешіттерінде құрбан шалуға қажетті барлық жағдай жасалған

Мұсылман жұрты асыға күтетін Құрбан айт мерекесі де келіп жетті. Биыл ұлық мейрам 6 маусымда басталып, үш күнге жалғасады. Бұл күндері мейірімділік пен қайырымдылықтың жарқын үлгісі көрініс табады. Алматы қаласында айт намазы мен құрбан шалу рәсіміне дайындық қызу жүріп жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Алматының барлық мешітінде мерекеге қызу дайындық жүріп жатыр. Әдеттегідей, ұлық мейрамның алғашқы күні қасиетті намазбен басталмақ. Яғни, 6 маусымда таңғы 6:00-де қаладағы 56 мешітте айт намазы оқылады. Артынша, қала тұрғындары құрбан шалу рәсіміне кіріседі.

Құрбан айт күндері Алматы қаласы әкімдігі құрбандыққа шалынатын малды сату, сою және таратуға рұқсат етілген арнайы 12 мешітті бекіткен. Олардың қатарында Фатима мешіті де бар. Аталмыш орын қызметкерлері құрбандық шалудың шариғат талаптарына сай өтуін қадағалайды. Сонымен қатар діни рәсімдерді атқарады.

Шаһар мешіттерінде құрбан шалуға қажетті барлық жағдай жасалған. Атап айтқанда арнайы жабдықталған қасапханалар әзірленіп, етті қабылдап, сақтау үшін мұздатқыштар орнатылған. Тіпті кейбір мешіттерде малды уақытша ұстау орындары да қарастырылған.

«Барлық мешітте бірізді болсын деп дайындалдық. Сонымен қатар еттерді қазір күн ыстықтығына байланысты етті бұзып алмас үшін тоңазытқыштар қойылды. Сонымен қатар мал сойылып жатқан жердегі тазалық та дер кезінде қадағалануы үшін ұжым болып жұмылдық. Соның бәрін реттеп отыруды жоспарлап жатырмыз», - деді Фатима мешітінің наиб имамы Даулен Саматұлы.

Мейрам қарсаңында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қызметкерлері арнайы жиын өткізді. Онда құрбандық шалу рәсімін көше бойында немесе көпқабатты үйлердің маңында емес, тек арнайы белгіленген орындарда өткізу қажеттігі ескертілді. Сондай-ақ құрбандыққа шалынатын малдың жасына және денсаулығына қойылатын талаптар түсіндірілді. Мәселен, қой мен ешкі бір жастан, сиыр екі жастан, түйе бес жастан асқан болуы керек. Егер қой бір жасқа жетпесе де, ірі, семіз болса, жарамды саналады.

«Негізінде құрбандықтың ең абзалы 3-ке бөліп таратылғаны дейді. Оның бір бөлігі өзінің алдағы уақытта отбасына қалдырып жеуі. Екінші бөлігін мұқтаж жандардың қолына тигізуі. Соларға беруі. Екінші бөлігін өзінің туысқандары, көршілерімен бір асып етті жасап. Үйінде соларға мәзір ұсынуы. Осы үш жағдайды жасаған абзал болады», - деді Алматы орталық мешітінің наиб имамы Бекзат Сыздықов.

Құрбан айт мерекесі осы жұма, яғни 6 маусымда басталып, үш күнге жалғасады. Осыған орай Алматы қаласының бас имамы Төлеби қажы Оспан кәсіпкерлерді мал мен азық-түлік бағасын шарықтатпауға үндеді. Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұлық мейрамда жүрек жылуын бөлісіп, мұқтажға медет болып, жақынға қуаныш сыйлауды әрбір мұсылманның адами борышы деп атап өтті.

Мәди Мәлік, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: "Жеміс-жидекке емес, құр уәдеге тойдық": Атырау іргесіндегі ауыл тұрғындары мұңын шақты