Дархан Сатыбалды «Алматыны 2030 жылға дейін реновациялау» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан құрылыс барысымен танысты
«Құрылысқа рұқсат берерде инфрақұрылымға түсетін салмақ есептелуі керек». Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Алмалы ауданына жасаған жұмыс сапары аясында осындай тапсырма берді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ол алдымен «Алматыны 2030 жылға дейін реновациялау» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан құрылыс барысымен танысты. Жобада Жамбыл, Шәріпов, Шевченко және Досмұхамедұлы көшелерінің қиылысында ескі әрі апатты үйлер сүріліп, олардың орнына 7 көпқабатты тұрғын үй бой көтеріп, тағы бір нысанның қазаншұңқыры қазылып жатыр. Осылайша аудандағы тұрғындар саны едәуір артып, шамамен 600 отбасы осы аумақта қоныстанатын көрінеді. Бұл өз кезегінде инженерлік желілер мен әлеуметтік инфрақұрылымға түсетін жүктемені еселей түседі. Сол себепті шаһар басшысы мұның бәрін салмақты есептеуді тапсырды.
«Біз салып жатқан барлық нысандар реновация бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Бұл құрылыс та соның бір бөлігі болып табылады. Бұл жерден шамамен 98 отбасы басқа жерге көшірілді. Біз, әдетте, тұрғындарды басқа үйге көшіреміз немесе оларға өтемақы ретінде ақша төлейміз. Қазір жетінші блокты аяқтап жатырмыз. Жыл соңына қарай тапсырып, кілттерді тапсырамыз деп жоспарлап отырмыз», – деді құрылыс компаниясының директоры Гүлназ Тұрсынқызы.
Оқи отырыңыз: Алматыда автотұрақтардағы 67 заңсыз сауда нүктесі бұзылып жатыр