Қыран елім – Қазақстаным: Алматыда Егемендік декларациясының мән-маңызы талқыланды

23.10.2025 19:45

Мегаполисте Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның 35 жылдығына арналған конференция өтті 

«Қыран елім – Қазақстаным». Алматыда осындай тақырыпта Республика күні мен Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның 35 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Іс-шараға жиналғандардың қатарында маңызды құжаттың қабылдану сәтіне куә болған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің ХІІ шақырылым депутаттары бар. Сондай-ақ жиында қоғам және мемлекет қайраткерлері, қалалық мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері ойларын талқыға салды. Ал іс-шараның негізі мақсаты – Декларацияның тарихи маңызын айшықтау.  

1990 жыл. КСРО-дан дәрмен кете бастаған тұста-ақ одақтастардың отау құрып, бөлек шығуы көптің аузындағы әуелгі әңгіме еді. Сол жылдың 25 қазанында 18 сағат 55 минутта Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы қабылданды. Бодандықтың қамыты мойнын қажап, жылдар бойы азаттыққа жетемін деген ел үшін сең қозғалды.

Бұл маңызды құжатта елдің егемендігі әрі аумағының тұтастығы саяси, құқықтық һәм экономикалық тұрғыдан дәйектелді. Жалпы айтсақ, бұл арқылы әлем картасындағы жаңа мемлекет қазіргі Қазақстанның негізі қаланды. Бүгінгі ғылыми-тәжірибелік конференция осы бір тарихи оқиғаға негізделіп, жиналған қауым Декларацияның маңызын талқыға салды.

«Бұл – ауқымды, іргелі және маңызды, бүкіләлемдік заңдардың үлгісі негізінде жасалған құжат. Оның механизмі өте дұрыс құрылған. Міне, 35 жыл өтті, бірақ Декларацияның мазмұны да, түрі де өзгерген жоқ. Конституция талай рет түзетілді, бірақ негізгі бағыт, басты фактор мен вектор сол қалпында қалды. Бұл – құжаттың сапалы әрі маңызды дайындалғанының айғағы», – деді Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің XII шақырылым депутаты Асқар Жұмаділдаев.

Басқосуда тарихи құжат қабылданған бұрынғы Үкімет үйінің сол залын музейге айналдыру мәселесі талқыланды. Зиялы қауым өкілдері мұны өскелең ұрпақ танып-біліп, ой түйсе деген пікір айтты. Сондай-ақ әр бап, әр тармағы жіті қаралған тағдыршешті бұл құжатта елдің жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті мен халықаралық қатынастардағы дербестігі, демократиялық зайырлы бағдары, ең бастысы, мемлекеттік рәміздері бекітілгенін сөз етті.

«Ұлттық валютаны қабылдау мәселесі де сол Декларацияда көтерілген. Дәл сол Декларацияның арқасында кейін біз егемендік туралы заңымызды қабылдап, артынан Конституциямызды бекіттік. Бүгінде, 30 жылдан астам уақыт өткен соң, Декларацияда бекітілген барлық принцип жүзеге асырылып жатыр деп нық сеніммен айта аламыз», – деді қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақан Бижанов.

Маңызды басқосуға қала әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков қатысып, сол айтулы оқиға ұлт жадынан өшпеуі тиіс дегенді алға тартты. Өйткені 25 қазан – жер жүзінде жаңа республиканың құрылғанын айғақтайтын әуелгі қадам еді дейді.

«Егемендік – тек құқықтық ұғым емес, ол ұлттың рухани өзегін айқындайтын құндылық екенін ұмытпағанымыз жөн. Республика күні осы ұғымды жаңғыртып, әр азаматтың жүрегінде елге деген сүйіспеншілікті арттыратын мереке болуы тиіс», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков.

Еске салайық, азаттыққа құлаш ұрған алғашқы маңызды датаны Мемлекет басшысы 2022 жылы Ұлытау төрінде өткен Ұлттық құрылтайда қайта оралтқан. Оған Ұлттық мереке деген мәртебе беріп, мәнін асқақтатып, маңызын ұғындырды. Бұл - өз аузына өз қолы жеткен елдің болашағы үшін де аса ірі іс.

Гүлмарал Изатқызы, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Республикa күні қарсаңында Наурызбай ауданында 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды