Қысқы жазатайым оқиғалардың алдын алу: Алматыда арнайы іс-шара ұйымдастырылды

04.12.2024 16:56

ТЖД өкілдері оқушыларға театрландырылған профилактикалық сабақ өткізді

Алматының Түрксіб ауданында қыс мезгіліндегі жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін арнайы іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Анығырақ айтсақ, №89 орта мектепте аудандық төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері айдаһар мен жылан бейнесінде киініп, бастауыш сыныпта оқитын 100-ден аса балаға театрландырылған профилактикалық сабақ өткізді. Соның ішінде пиротехникалық өнімдерді қолдану кезіндегі және мұз айдындарындағы қауіпсіздік шаралары кеңінен талқыланған. Әрі төтеншеліктер балалармен бірге мұздағы қауіпсіздік туралы арнайы кроссворд шешіп, "Пиротехника" тақырыбы бойынша жұмбақтардың жауабын тапты.

Одан бөлек, аудандағы Әуежай көлінің маңында балаларға түсіндіру жұмыстары да жүргізілді.

"Тасымалдайтын автокөлік берілді. Балалар тек сонымен қатынап жүр. Көлдің бойымен жүрмейді. Аудандық қорғау станстасымен бірлесіп және департаментпен бірге бұл бізге таңсық нәрсе емес. Бірлесіп ұйымдастырылған сынып сағаттары да өткізіліп тұрады, бұл біз үшін өте маңызды", - деді № 89 жалпы білім беретін мектептің директоры Қарлығаш Баймаханова.

"Қыстыңгүні мұз қалыңдаған кезде сырғанақ теуіп ойнайды. Сол сырғанақ тепкен кезде мұздың үстіне шықпауын ескертіп отырамыз. Қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырамыз. Және Жаңа жыл қарсаңында тұрғындар пиротехникалық бұйымдарды өте көп қолданады. Қауіпті жағдайдың алдын алу мақсатында халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр", - деді Түрксіб ауданы төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы Бейбіт Рақымжанов.

Оқи отырыңыз: Алматыда жыл басынан бері құқықбұзушылық саны 20 пайызға азайған