Әлемнің жарығы: Алматы әкімдігі шаһар арулары үшін мерекелік концерт ұйымдастырды

06.03.2026 20:02

Мерекелік кешке қала әкімі Дархан Сатыбалды қатысты

Алматы әкімдігі шаһар арулары үшін мерекелік концерт ұйымдастырды. «Әлемнің жарығы» деп аталған салтанатты кеш түрлі салада тынбай еңбек етіп жүрген қыз-келіншектердің басын қосты. Республика сарайында өткен іс-шарада әсерлі әндер орындалып, театрландырылған қойылымдар сахналанды. Мерекелік кешке қала әкімі Дархан Сатыбалды қатысты.деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мерекелік кешке жиналған қыздар қауымын Республика сарайының кіреберісінде жігіттер күтіп алды. Олар аруларға құшақ-құшақ гүлдерін табыс етіп, концерт залына шығарып салды. Ал салтанатты іс-шараның шымылдығын Мәдина Сәдуақасова мен «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі ұсынған «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» атты әсерлі театрландырылған композиция ашты.

Мерекелік кеште аты аңызға айналған Дос-Мұқасан тобы, Роза Рымбаева, Толқын Забирова бастап, Тоқтар Серіков пен Бейбіт Сейдуәлиева, Әбдіжаппар Әлқожа, Әли Оқапов, Қазыбек Құрайыш пен Бағжан Октябрь өнер көрсетіп, сахна төрінде көпшіліктің құлақ құрышын қандырған әндері мен композицияларын тарту етті. Ал салтанатты жиыннан шабыт алған арулардың қуанышында шек жоқ.

«Гүлсіңдер, 

Адалдықтың өзіменен бірсіңдер,

Сұлулықты әйгілеп ап әлемге,

Әрбір үйге шуақ шашып жүрсіңдер. 

Анасыңдар,

Бар бақытты баладан табасыңдар.

Тіршіліктің жүрегін соқтыратын 

Бұл өмірде өздерің ғанасыңдар», – деді Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Динара Мәлік

«Қазақстан деген қандай керемет! Алғашқы көктем мерекесінде гүлдей құлпырып жүрміз. Анадардың бірде-біреуін ескерусіз қалдырмай, гүл сыйлап жатыр. Көп рақмет! Қазақстаным жасасын!», – деді қала тұрғыны Мира Жұмабекқызы.

Айта кетейік, концерт бағдарламасындағы барлық музыкалық нөмір «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі бишілерінің көркем хореографиялық сүйемелдеуімен өрнектелді. Кеш барысында өнерпаздар сахнадан барша әйел қауымын көктемнің шуақты мерекесімен құттықтап, жүрекжарды тілегін жеткізді.

«Салтанатты да әдемі шарада Алматы қаласы әкімдігіне үлкен зор алғысымызды білдіргім келеді. Алматы қаласының аруларына керемет көңіл-күй сыйлаған, ерекше көңіл бөлінген шара өтті», – деді «Қызмет» салалық кәсіподағының төрайымы Данагүл Айнақұлова.

Кешке жиналған алматылық арулар өнерпаздардың әні мен ерекше атмосфераға риза болып, мерекелік көңіл-күйді сезіне алды. Ұйымдастырушылардың сөзінше, концерт әйел қауымын жай ғана құттықтау үшін емес, әйелдің қоғамдағы рөлін айшықтап, дәріптеуге бағытталды.

Гүлмарал Изатқызы, Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: Алматыда Халықаралық әйелдер күні қарсаңында мемлекеттік наградалар табысталды