Алматы Еуропаның туристік нарығында насихатталатын жаңа ақпараттық алаңға ие болды.Польша елінің әуе компаниясы қалаға арналған арнайы борттық журнал шығарды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Басылым беттерінде Алматының туристік әлеуеті, көрікті орындары, табиғи аймақтары мен қаланың бірегей келбеті кеңінен таныстырылған. Журнал Алматыға ұшатын рейстерде ғана емес, Польша ішіндегі және әуе компаниясының Еуропа елдеріне қатынайтын халықаралық бағыттарында да таратылады.
Жоба Алматы қаласы Туризм басқармасы мен әуе компаниясының ынтымақтастығы аясында жүзеге асып, шетелдік саяхатшылар арасында қаланың танымалдылығын арттыруға бағытталған.
Алматының туризм саласы өкілдері Польшаның жетекші туроператорларымен кездесу де өткізді. Тараптар өзара әріптестік мүмкіндіктерін талқылап, байланыс орнатып, Қазақстан мен Польша арасындағы туристер санын арттыруға қатысты жоспарларды айқындады.
Еуропадағы ірі әуе компанияларының бірі шығаратын борттық журналда Алматы туралы ақпараттың жариялануы қаланы халықаралық аудиторияға кеңінен танытып, екі ел арасындағы туристік әрі іскерлік байланыстың нығаюына серпін береді.
Оқи отырыңыз: Рухани тарту: Алматыда жазушы Ильяс Юсуф мектептер мен кітапханаларға 1000-нан аса кітап сыйлады