Медеу ауданында биыл 82 аула жөнделеді

16.07.2025 20:15

Аудан әкімдігі ерекше назарға алып отырған мәселенің бірі – жергілікті халықты тұрақты ауыз сумен қамту

Алматының Медеу ауданында биыл 82 аула жөнделеді. Оның 22-сі «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында іске асады. Бұл туралы аудан әкімінің орынбасары мәлімдеді, деп хабарлайды Amaty.tv тілшісі.

Медеу ауданында биыл «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 34 жоба жүзеге асырылады деп жоспарланған. Тұрғындардан бас-аяғы 650-ден астам ұсыныс қабылданыпты. Бұл мақсатқа 2 млрд теңге бөлінген. Оның шеңберінде 17 аула мен 13 қоғамдық кеңістік абаттандырылып, төрт аумақта автоматты суару жүйесі орнатылуы тиіс.

Айта кетейік, аталған ауданда 2023 жылы 106, ал былтыр тағы 59 аула жөндеуден өткен.

«Әр жылда өзінің мерзімі бар. Келесі жылы 31 ауланың ЖСҚ бітіріп, келесі жылы соның құрылысына кірісеміз», – деді Медеу ауданы әкімінің орынбасары Азат Кәкетаев.

Аудан әкімдігі ерекше назарға алып отырған мәселенің бірі – жергілікті халықты тұрақты ауыз сумен қамту. Бұл аумақта қазір ұзындығы 116 шақырым болатын инженерлік желі салынып жатыр. Аудан әкімінің айтуынша, жоспардағы жобалар сәтті іске асса, 2-3 жыл ішінде Медеу жұрты 98%-ға орталықтандырылған сумен және кәріз жүйесімен қамтамасыз етіледі.

«Мұзтау ықшамауданында жұмыс былтыр басталған болатын. Биыл күзге дейін толық бітіріп, көріктендіріп, сонымен қатар жолды қалпына келтіріп, эксплуатацияға жіберетін боламыз», – деді Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин.

Аудандағы мектептерде орын тапшылығы мәселесі де өзекті. Бүгінде мұнда 48 білім ошағы жұмыс істеп тұр. Оның 20-сы жекеменшік болса, 28-і – мемлекеттік мекеме. Қазір ондағы екі мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Аудан әкімі орынбасарының айтуынша, осы жылдың қыркүйегіне дейін Құлжа тас жолының оңтүстігінде салынып жатқан 2 мың орындық жаңа оқу ошағындағы шаруа аяқталады. Одан бөлек, 599 орындық жеке мектептің құрылысы да қарқынды жүріп жатыр.

«Оқу орындарының жетіспеушілігіне байланысты біздің аудан орталық болғаннан кейін қосымша мектеп салатын жер учаскесінің жоқтығына байланысты жапсарлас мектеп салу жоспарда бар. №35, №131 және № 99 мектебінде осындай құрылыс жұмыстары басталды», – деді Медеу ауданы әкімінің орынбасары Айдос Нұрлыбаев.

Мектепке дейінгі білім беру саласы да кезең-кезеңімен дамып келеді. Былтырдан бері мұнда 738 орындық 14 жеке балабақша ашылыпты. Ал биыл жыл соңына дейін тағы 500 орындық 10 бөбекжай ашылады.

Гүлмарал Изатқызы, Әлішер Ерғалиұлы

Оқи отырыңыз: Алматыда үй жануарларын тегін чиптеу бағдарламасы басталды