Бұл ғимараттың іргесі 1974 жылы қаланған
Алматының Медеу ауданындағы мектептерінде тапшылық азаймақ. Келер жылдың бірінші тоқсанында 2,5 мыңға жуық оқушы орны ашылады. Бұл туралы аудан басшысы мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Биыл №35 мектеп жанынан 300 орындық қосымша ғимараттың құрылысы аяқталды. Білім ордасы заманауи үлгіде салынып, барлық қажетті құралмен жабдықталған. Медеу ауданындағы №56 мектепте және №17 мектеп-интернатында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
«№35 мектепке жиһаздың бәрі алынды. Тек қағаздарына қол қою керек. Күзде ашылады. Жылдың аяғына дейін салынатын жекеменшік қосымша екі мектеп пен тағы да екі жобаны әзірлеу жоспарымызда бар. Бәрін қосқанда 2027 жылдың бірінші тоқсанына дейін қосымша тағы да 2,5 мыңға жуық жаңа оқу орыны ашылады», – деді Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин
Аудандағы №4 жедел медициналық жәрдем қосалқы стансасының күрделі жөндеуі аяқталды. Бұл ғимараттың іргесі 1974 жылы қаланған. Қазір инженерлік желілер мен ішкі бөлмелер толық жаңартылған. Медициналық бригадалар мен әкімшілік қызметкерлерге арналған бөлмелер, сонымен қатар, санитарлық автокөліктерді орналастыруға арналған жеке аймақ қарастырылған.
«Медеу ауданында 2026 жылға 6 нысан ашылды. Соның бірі – №4 подстанция. Мақсаты – жедел жәрдем медициналық қызметкерлеріне түсетін жүктемені азайту. Мекеме 150 қызметкерге арналған. Барлық заманауи стандарттарға сәйкес, қызметкерлерге жағдай жасауды жоспарлап отырмыз», – деді Медеу ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы Аружан Елемес
Атап өту керек, Медеу ауданы жыл басынан бері әлеуметтік-экономикалық дамудың оң көрсеткішіне қол жеткізді. Өнеркəсіп өндірісінің көлемі 53%-ға, ал құрылыс саласы 97 процентке өскен. Ауданның жоғарғы бөлігін ауызсумен қамту, электр желілері мен газ құбырларын жаңарту сынды шаруалар кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр.
Айдана Шалқар, Ялкунжан Әшімжанов
Оқи отырыңыз. Алматының Алатау ауданында Оңғарсынова көшесінің бір бөлігінде қозғалыс уақытша шектеледі