Мектепке нық қадам: Алатау ауданындағы оқушыларға қажетті құрал-жабдықтар табысталды

28.08.2026 18:56

Іс-шараның басты мақсаты – балаларға тең мүмкіндік сыйлау

Almaty.tv

Алматының Алатау ауданында орналасқан Оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығында бастауыш сыныпта оқитын 100-ден астам балаға арнайы оқу жабдықтары таратылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Әлеуметтік бастама негізінен өмірлік қиын жағдайға тап болған, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушыларға бағытталған. Іс-шараның басты мақсаты – балаларға тең мүмкіндік сыйлап, сапалы білім алуына жағдай жасау.

«Негізгі ұстанымымыз – «әр бала маңызды». Акцияның мақсаты – балаларға жаңа оқу жылына дайындалуына қолдау көрсету, балалардың қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз етіп, жаңа оқу жылын қатарластарымен бірге әрі уақытылы және ең бастысы нық сеніммен бастауына жағдай жасау», – деді «Әділет» партиясы Алматы қаласы Алатау аудандық филиалының төрағасы Жарқын Алдамбергенова.

Қайырымдылық іс-шарасына «Әділет» партиясы филиалы Саяси кеңесінің мүшелері мен Алматы қаласы мәслихатының депутаттары ұйытқы болды. Халық қалаулылары мектеп жасындағы өрендерді жаңа оқу жылымен құттықтап, қажетті құрал-жабдықтар салынған сөмкелерді табыстады. Сондай-ақ іс-шара барысында ата-аналармен жүздесіп, аудандағы әлеуметтік мәселелер мен білім беру саласындағы түйткілдерді талқылады.

«Келінім – көпбалалы ана. Балаларымыз «Әділет» партиясының акциясына қатысып, рюкзактарымызды алып, ризашылығымызды білдіріп жатырмыз. Рақмет, осындай акциялар көп болып, елдің көңілінен шыға беруіне тілектеспін», – деді Роза Мырзамбаева.

Оқи отырыңыз: Алматы мектептері 1 қыркүйекке дайын

Толық көрсету