Биыл додаға Алматы қаласынан 262 отбасы қатысуға ниет білдірген
Алматыда «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық байқауының жеңімпаздары анықталды. Қалалық кезеңде өнегелі өмір салты мен отбасылық құндылықтарды дәріптеген 8 жанұя үздік деп танылып, арнайы сый-сияпатқа ие болды. Ал бас жүлдені жеңіп алған әулет Алматының намысын республикалық кезеңде қорғайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы елімізде 2014 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Биыл додаға Алматы қаласынан 262 отбасы қатысуға ниет білдірген. Үміткерлер алдымен аудандық іріктеуден өтіп, үздіктері қалалық кезеңге жолдама алды. Бүгін татулығы жарасып, абыройы асқан 8 отбасы үздік атанып, әрқайсысына 400 мың теңгелік сертификат табысталды. Ал қазылар алқасының шешімімен Біләловтер әулеті Алматының ең үздік отбасы атанды.
Елорда төрінде Алматының намысын қорғайтын Біләловтер әулетіне республикалық кезеңге жолдама табысталып, 800 мың теңгелік сертификат берілді. 6 баланы тәрбиелеп отырған өнегелі отбасының анасы – «Күміс алқа» иегері. Ұл-қыздары да спортта жоғары нәтижелер көрсетіп, түрлі жарыстарда топ жарып жүр. Бірлігі жарасқан шаңырақта еңбекқорлық пен ұлттық тәрбие басты құндылық ретінде дәріптеледі.
«Бұл ұлттық байқауға екінші рет қатысып жатырмыз.Аудандық деңгейде жеңген болармыз деп ойладық. Риза болып жатырмыз», – деді «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық байқауының Алматы қаласы бойынша жеңімпазы Арман Билял.
Біләловтер әулеті ұлттық мұраны ұлықтап, салт-дәстүр мен төл өнерді кейінгі буынға насихаттауға да ерекше үлес қосып келеді. Биыл Бостандық ауданында өткен Наурыз мерекесінде олар авторлық «Биік, алып, киелі – Шаңырақ» этно-мәдени инсталляциясы мен «Жылдың төрт мезгілін бейнелейтін – сырлы сырмақ» жобасын көпшілік назарына ұсынған. Ұзындығы 112 метрге жеткен бірегей туынды Азия мен Африканың 103 мемлекеті арасындағы Әлемдік рекордтар кітабына енген.
«Тұғыры 10 метр. Өзі 2,5 метр үлкен шаңырақты көтердік. Одан кейін жылдың төрт мезгілін бейнелейтін сырлы сырмақты 112 метрге дейін жеткізіп, соны қазақ әжелімен бірге наурызда алып шықтық және ол рекордтар кітабына арнайы тіркелді. Біздің қуанышымыз – осы», – деді «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық байқауының Алматы қаласы бойынша жеңімпазы Жанар Сейілбекова.
Биыл 13-мәрте ұйымдастырылып отырған «Мерейлі отбасы» ұлттық жобасының тәрбиелік мәні зор,. Байқау арқылы қоғамда өнегелі әулеттерді көпке үлгі ету көзделген.
«Бұл конкурстың ерекшелігі отбасының құндылығын, оның маңызын көрсету. Қазақстанда өнегелі отбасы барын насихаттау. Себебі Отан - отбасынан басталады», – деді Алматы қаласының құрметті азаматы Зәуре Аманжолова
«Алматы қаласында өткен республикалық деңгейде ұлттық конкурс «Мерейлі отбасының» қоғамға берер мәні мен мазмұны өте ерекше. Бүгінгі жеңіп шыққан Алматы қаласының отбасыларына республикалық деңгейде де үлкен жетістіктерге жетіп, Алматы қаласының тұғырын тағы бір биікке көтереді деген сенімдеміз», – деді Алматы қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі Марат Қалимолдин
Айта кетейік, биыл «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына ел бойынша 3 мың 611 отбасы өтінім берген. Ал доданың қорытынды марапаттау рәсімі 11 қыркүйекте Астанада өтеді.
Мәди Мәлік. Рашиддин Якупов
Оқи отырыңыз: Таза қала - есірткісіз болашақ: Алматыда жедел-профилактикалық іс-шара өтті