Алматының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында «Жаным қайта ән салды» атты музыкалық-поэтикалық кеші өтті

14.01.2026 12:10
пресс-служба акима Алматы

Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының «Балуан Шолақ» бөлімшесінде «Жаным қайта ән салды» атты музыкалық-поэтикалық кеш өтті. Іс-шараның мақсаты – аға буын өкілдерінің шығармашылық әлеуетін дамыту, әлеуметтік өзара байланысты нығайту және идеясын насихаттау, деп хабарлайды Almaty.tv.

Шығармашылық кеш жылылыққа, достыққа толы атмосферада өтті. Бағдарлама барысында әуезді әндер шырқалып, жырлар оқылды, ізгі тілектер мен мерекелік құттықтаулар айтылды. Қатысушылардың өнер көрсетуі кешке ерекше сән беріп, көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Жанды әңгіме мен рухани қолдауға басымдық беріліп, өзара түсіністік пен құрметке негізделген орта қалыптасты. 

Музыкалық-поэтикалық кешті Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының психологы Меңдіқұлова Сайран Сәлімгерейқызы жүргізді. Орталықтың қызмет алушылары іс-шараға белсене қатысып, өнерін паш етіп, шығармашылық жетістіктері мен өмірлік тәжірибелерін ортаға салды.

Мұндай мәдени-рухани басқосулар Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы қызметінің маңызды құрамдас бөлігі саналады. Олар егде жастағы жандардың тұрмыс сапасын жақсартуға, шығармашылық қабілетін шыңдауға, эмоционалдық жай-күйін нығайтуға және қоғамдық өмірге белсенді араласуына мүмкіндік береді.

Алматы қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы аға буын өкілдерін әлеуметтік қолдау, психологиялық көмек көрсету, сондай-ақ мәдени, білім беру және шығармашылық бастамаларға тартуға бағытталған бағдарламаларды жүйелі түрде іске асырып келеді. Бұл игі істер егде жастағы адамдардың белсенді әрі мағыналы өмір сүруіне ықпал етеді.