Мыңдаған адам қатысқан Almaty Marathon қалай өтті

28.09.2026 16:00

Жарыс Абай алаңынан басталып, соңғы меже - Республика алаңы деп белгіленді

16 мың қатысушы, 1534 шетелдік желаяқ. Биыл Алматы марафонына 66 елден қызығушылық танытқандар келді. Ең басты қашықтық 42,2 шақырымның өзіне 1614 адам тіркеліпті. Осы жылғы қатысушылардың оннан біріне жуығы шетелден келсе, тағы 14 пайызы – еліміздің өзге өңірлерінен. Марафонның 15 жылдық мерейтойының ең басты мейманы – жапондық желаяқ Юки Каваучи. 100-ден аса марафонда шапшаңдығымен оқ бойы оза шауып, Гиннес рекордтар кітабына енген әуесқой атлет мегаполистегі жарыста қандай көрсеткішпен көзге түсті? Таңмен таласып жүгірген желаяқтар марафонына Almaty.tv тілшісі барып қайтты.

Юки Каваучи –  2018 жылы Бостон марафонында жеңіске жетіп, әлемге танылған әуесқой атлет. Алматы марафоны – оның Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы жарысы. Ол 42,2 шақырымды 2 сағат 18 минутта жүгіріп өтіп, екінші орын еншіледі. 

"Жарысты жеңе алмағаным, әрине, өкінішті. Дегенмен, екі сағат 20 минуттан аз уақытта жүгіріп келіп, екінші орын алғаныма қуаныштымын. Бұл – мен үшін жақсы нәтиже. Оның үстіне, жарыстың бұған дейінгі рекордын да жаңарттым. Алматылық  жанкүйерлердің қолдауы да керемет болды. Әлемдік деңгейдегі марафондармен тең дәрежеде өтті. Жүгіруге өте қолайлы бағыт жасалған. Өрге көтерілетін тұстары да, төмен түсетін бөліктері де ыңғайлы ұйымдастырылғандықтан, қарқыныңды дұрыс реттеп отыруға мүмкіндік болды", - деді марафоншы Юки Каваучи.

Жарыс Абай алаңынан басталып, соңғы меже - Республика алаңы деп белгіленді. Жол бойында жеті медициналық шатыр жұмыс істеді. Қатысушылардың қауіпсіздігін 12 жедел жәрдем бригадасы, түрлі саладағы 40 дәрігер және 84 медициналық ерікті қамтамасыз етті. Желаяқтарға су мен тамақтану бекеттері ұйымдастырылды. Ерлер мен әйелдерге арналған бөлек дәретханалар қойылып, параспортшылар үшін де қажетті жағдай жасалды. Айта кетейік, биылғы марафонда бірнеше инклюзивті команда қатысып, 10 шақырымдық қашықтықты еңсерді. Оларға жарыс кезінде көмектесетін арнайы пилоттар тағайындалды. 

"Қауіпсіздік шаралары өте жақсы қарастырылды. Медициналық көмек те болды және біз алма-кезек өзіміздің пилоттарымызбен алмасып тұрдық. Арбадағы біздің спортшыларымызға да өзіміздің септігімізді тигіздік. Енді барынша оларды қолайлы және де қауіпсіздік шараларын ескере отырып, жүгірдік", - деп атап өтті Қазақстан шахмат федерациясының PR-менеджері Алла Платнова. 

"Арнайы осы марафон үшін Астанадан келдім. Фундук командасымен төрт жыл қатарынан қатыстым, осы енді бірінші Алматы марафоны Алматының өзінде қатысқаным - бірінші жыл. Биыл ғана ең бірінші жыл қатысфп жатырмын.10 шаұырымға жүгірдік. Бізде менімен бірге 6 мүгедектігі бар балалар болды менімен бірге. Артымыздан пилот дейді ғой, итеріп отырған кісілер 25 адамдай болды", - деп айтты марафоншы Нұрлан Сыздықов.

«Мейірім» оңалту орталығының қатысушылары да ерекше нәтиже көрсетті. Параспортшылардың ата-аналары: «Алматы марафоны мүмкіндігі шектеулі балалардың қоғамға етене араласуына оңтайлы жағдай жасайды», - деп спорттық жарысқа жоғары баға берді. 

"Баламыздың аты - Бекболат. Биыл тоғызыншы рет қатысып жатыр. Әрқашан жақсы көңіл күйде қатысады. Өзіне өте жақсы ұнайды. Себебі, бұл жерде адам өзін толықққанды сезінеді. Баламыздың өзі мүмкіндігі шектеулі болғандықтан дұрыс жүре алмайды, жасы 13-те. Сондықтан коляскаға отырып қатысады", - деп айтып берді қатысушының анасы Әйкерім Ізбасарова.

Айта кетейік, шетелдік қатысушылардың көбі Ресей азаматтары болды. Қырғызстаннан 171, Өзбекстаннан 151, Қытайдан 133 спортшы келді. Ал АҚШ пен Оңтүстік Кореядан 51 адамнан қатысты. Одан бөлек, Үндістан, Малайзия, Канада, Бразилия, Аргентина, Аустралия, Сингапур елдерінің желаяқтары марафонда бақ сынау үшін Алматыға табан тіреген. 

Айдана Шалқар, Әлішер Ерғалиұлы - Almaty TV телеарнасы.

Читайте также: Мерейтойлық Almaty Marathon-ға рекордтық шетелдік қатысушы жиналды

Толық көрсету