Алматы халқы орта есеппен күніне 2-3 сағатын кептелісте өткізеді. Салдарынан жылына мыңдаған минутын зая кетіреді. Одан қалса, көліктен ауаға бөлінген зиянды заттарға уланып, түрлі ауруға шалдығады. Бұл - сала мамандарының пайымы. Мәселенің оң шешім табуы үшін олар қалада жиын өткізіп, біршама ұсынысты ортаға тастады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматы атмосферасының шамамен 50 пайызы автокөлік түтінінен ластанып отыр. Зиянды зат көпшілік арасында түрлі дерттің өршуіне де әсер еткен. Ал ғалымдардың зерттеуіне сүйенсек, кептелісте тұрған адамның инфаркт пен инсультке шалдығу қаупі 20 пайызға жоғары.
«Автокөліктердің кептелісте тұрған кезде шығарған зияны 10 -15 есе көп болады. Лас ауа бірден тыныс мүшелеріне әсер береді. Ол аллергия аурулары, жүрек аурулары, онкологиялық ауруларға, жаман ауруларға әсер етеді», – деді «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртай.
Түйіні тарқамаған мәселенің шешімін шығару үшін сала сарапшылары бас қосып, біршама ұсыныс айтты. Олар ең алдымен, жұмыс уақытын әртараптандыру қажет екенін жеткізді. Айтуынша, мектептер істі таңғы сағат 7:30-дан, мемлекеттік мекемелер 8:30-дан, ірі бизнес орталықтары 9:30-дан бастаса, жолдағы көлік саны кем дегенде 30 пайызға кеміп, жүктеме азаяды. Атап өтер жайт, бұл тәжірибе Жапония, Оңтүстік Корея, Германия елдерінде бұрыннан бар.
Ақылды бағдаршамды ұсынып жатырмыз. Өйткені ақылды бағдаршам осы пробка мәселесін өзі реттеп отырады. Егер қай жақта көптеген кептеліс болатын болса, сол жақты жібереді. Аз жақты олар ұстап тұрады», – деді Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының өкілі Нұржан Ибрагимов.
«Ақылды бағдаршамнан» бөлек, басқосуда көлік жүргізу мәдениеті мен жол жағдайын жақсарту, автобустар санын арттыру, қоршаған ортаға зияны жоқ транспорт түрін көбейту тақырыбы қозғалды. Сонымен қатар жаяу жүргіншілерге арналған алаңдар ашу, қаланы көгалдандыру жайы талқыланды.
«Бензиннің бір литрі 20 литр оттегіні жеп қояды. Сол үшін ағашты көбейту керек. Ғылымның арқасында бәрін жасауға болады. Оның бәрін кезең-кезеңімен жұзеге асыруға болады», – деді ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Абай Сағитов.
Сала мамандарының ұсынысы қалалық мәслихат депутаттарына да жеткізілді. Енді аталмыш мәселе кең көлемде талқыланбақ.
Мәди Мәлік, Рүстем Айткәрім, Әлішер Ерғалиұлы
Оқи отырыңыз: Дженнифер Лопес концерті: 10 тамыз күні Алматыда қозғалыс қалай ұйымдастырылады