Ән қанатындағы Наурыз: Алматыда жас дәстүрлі әншілердің концерті өтті

22.03.2026 12:32

Наурыз мейрамының құрметіне арналған концерт жоғары деңгейде өткізілді

 

Аlmaty.tv

Бүгін Алматы қаласы әкімдігі Мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен Панфилов көшесі бойындағы сахнада Наурыз мейрамына арналған «Ән қанатындағы Наурыз» атты жас орындаушылардың дәстүрлі ән кеші жоғары деңгейде өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алматы қаласы ХХ ғасырдың 30-жылдарынан бастап ұлт мәдениетінің ұйытқысы, ордасы қызметін атқарып келеді. Дәстүрлі өнердің ірі өкілдері, зерттеушілері осы қалада тұрып, еңбек етті. Қазір де профессионалдық типтегі дәстүрлі музыканың ең ірі ошағы – Алматы. Мұнда этномузыканың белгілі қайраткерлері, дәстүрлі домбырашы, қобызшы, сыбызғышы, әнші-термешілер әзірлейтін арнаулы орта және жоғары оқу орындары, өнер ұжымдары шоғырланған. Қазақ көне музыка аспаптарының жер бетіндегі жалғыз музейі мен еліміздегі жалғыз дәстүрлі өнер театры да осында.

Соңғы уақыттары Алматы қаласында дәстүрлі өнерді насихаттап жүрген жас өнерпаздардың арнайы ән кеші өтпеп еді. Ұлыстың ұлы күні қарсаңындағы бұл концерт сол олқылықтың орнын толтырғандай болды.

Дәстүрлі ән кешіне Алматының дәстүрлі ән өнеріне баулитын оқу орындарында оқитын Срайыл Аида, Сағындық Аружан, Мизамбаев Райымбек, Сұлтангалиева Ғалия, Абылайұлы Нұртуған, Ділдәбекқызы Аңсаған, Әбілқасымова Ұлжан, Тарғынова Жайна, Сәдірқожаева Сабира, Тәттімбек Айбек, Ермұратұлы Асқат, Әлдібай Таңжарық, Жұмамұрат Кішкене, Мархабатова Шұғыла, Бақыт Нұрай, Ақылбек Балжан, Өтемұрат Жасұлан, Сәулет Аманғазина сынды студент-жастар қатысты.

Концертті белгілі дәстүрлі орындаушы, Мәдениет саласының үздігі, ұстаз Талғат Әбуғазы жүргізді.

Оқи отырыңыз: Жыл басы: Ұлыстың ұлы күнін қазақстандықтар қалай тойлайды