Ән қанатындағы Алматы: Абай алаңында дәстүрлі музыка кеші өтті

19.09.2025 20:06

Сахнада Рамазан Стамғазиев, Сәуле Жанпейісова, Еркін Шүкіманов сынды танымал өнерпаздар мен түрлі ансамбльдер өнер көрсетті

Қыркүйектің үшінші жексенбісі – Алматы күні. Айтулы датаға орай қалада ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Биыл да дәстүр бойынша мегаполис жұртына мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында концерттік бағдарламалар жоспарланған. Республика сарайының алдындағы Абай алаңында дәстүрлі музыка кеші өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Ән қанатындағы Алматы» атауымен дәстүрлі музыкалық концерт өтті. Сахнада Рамазан Стамғазиев, Сәуле Жанпейісова, Еркін Шүкіманов сынды танымал өнерпаздар мен түрлі ансамбльдер өнер көрсетті. Бұл іс-шара қазақ халқының ұлттық музыкасын дәріптеп, оның тереңдігінен сыр шертпек.

«Концерттің ерекшелігі дәстүрлі ән мектептерінің өкілдері қатысты. Батыс, Алтай-Тарбағатай мектебі,  Арқаның , Жетісудың әндері орындалды. Сонымен қатар күй мектептерінің өнер өкілдері концертке қатысты», – деді  «Сазген Сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Тілегенов.

Күн райының қолайсыздығына қарамастан мерекелік атмосфера айқын сезілді. Жиналған халық қарасы қалың. Біз де көңілді кештің куә болдық. Тұрғындармен тілдесіп, олардың ойын тыңдадық.

«Өте ұнады. Қала қонақтарына, барлық тұрғынға тек бақыт, денсаулық тілеймін. Бәрі күшті өтіп жатыр, рақмет!».

«Жастардың қаласы ғой, достарымызбен көрісіп, керемет атмосфераны сезініп келеміз»

Айта кетейін, қала күніне арналған мерекелік іс-шаралар 21 қыркүйекке дейін жалғасады. Шаһарда ауқымды концерттер, кітап фестивалі, digital-шоу және алма жәрмеңкесі өтеді. Барлығы 200-ден астам іс-шара ұйымдастырылады деп жоспарланған. Кіру тегін.

Оқи отырыңыз: Алматыда 88 елден келген жас шахматшылар саны рекорд орнатты