Нәрестелер алма бағы: Алматыда жаңа туған сәбилердің құрметіне ағаш отырғызылды

23.09.2026 21:28

Әр көшет – жаңа туған нәрестенің өмірге келгенін айшықтайтын символдық белгі

Баланың дүниеге келуі – бір әулеттің ғана емес, бүкіл отбасының өмірін өзгертетін айрықша сәт. Алматыдағы Перинаталогия және балалар кардиохирургиясы орталығының аумағында «Нәрестелер алма бағы» ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Бір ағаштың тамыр жайып, көктеп кетуі үшін уақыт керек. Адам өмірі де дәл солай – алғашқы қадамнан басталады. Орталықта дүниеге келген сәбилердің құрметіне арнайы аллея ашылып, барлығы 80 алма ағашы егілді. Әр көшет – жаңа туған нәрестенің өмірге келгенін айшықтайтын символдық белгі.

«Біздің қаланың символы — алма. Алматыны алмалы баққа баласақ, бүгінгі нәрестелеріміз үшін де арнайы алма бағын жасағымыз келді. Ата-аналардың қатысуымен отырғызылған бұл жеміс ағаштары келер жылы өнім беріп, әр отбасының қуанышына айналса деген игі ниеттеміз», – деді Перинаталогия және балалар кардиохирургиясы орталығының директоры Гүлнәр Нұрланова.

«Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылған іс-шараға жас ата-аналар белсенді түрде қатысты.

Айта кетейік, бұл орталықта соңғы 15 жылда 135 мыңға жуық сәби дүниеге келген. Ұйымдастырушылар аллеяны алдағы уақытта да толықтырып отыруды жоспарлап отыр және бұл бастаманы өзге де медициналық мекемелер қолдайтынына сенімді.

«Бұл – мен үшін өте қуанышты сәт. Кішкентай нәрестеміздің дүниеге келгенінің құрметіне және туған қаламызды көркейте түсу үшін алма ағашын отырғыздық. Өзім де көгалдандыру жұмыстарымен айналысамын, ал қасымда жүрген балаларым маған көмектесіп жатыр», – деді қала тұрғыны Мақсат Сәрсенұлы.

Бұл аллеядағы әрбір алма ағашы – жай ғана көгалдандыру мақсатында егілген көшет емес. Бұл – жаңа тағдырдың бастауын білдіретін символ. Бүгін сәбилердің құрметіне отырғызылған ағаштар уақыт өте келе олармен бірге өсіп, терең тамыр жаятын әсем баққа айналмақ.

Еске сала кетейік, Алматыда көгалдандыру жұмыстары аясында 500 мыңға жуық бұта мен 6,5 мыңнан астам ағаш отырғызылды. Оның ішінде биіктігі 5-6 метрге жететін ірі көшеттер де бар. Олардың топыраққа тез сіңіп, жақсы өсуі үшін 3 жыл бойы кепілді күтім жасалады. Бүгінгі «Нәрестелер алма бағы» да уақыт өте келе қаланың жасыл қорының көрнекті бір бөлігіне айналары сөзсіз.

Алина Серегина, Әлішер Ерғалиұлы

Оқи отырыңыз: Ұрпақтар сабақтастығы және жаңа бастамалар: Алматыда ардагерлер маңызды мәселелерді талқылады

Толық көрсету