Наурызбай ауданында 50-ден астам көшені жарықтандыру жүйесі жаңғыртылып жатыр

28.10.2025 16:33

Аудандағы сыртқы жарықтандыру жүйесі қарқынды дамып келеді

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматының Наурызбай ауданында сыртқы жарықтандыру жүйесін салу және дамыту жұмысы жалғасып жатыр. Жобаның негізгі мақсаты – жол қауіпсіздігін арттыру, тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыру және ауданның көше-жол инфрақұрылымын жақсарту. Бұл туралы Наурызбай ауданының әкімдігі хабарлады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Жұмыс екі бағыт бойынша жүргізіліп жатыр. Биыл АҚЖ желісі аясында ауданның 29 көшесінде сыртқы жарықтандыру орнату аяқталды. Сонымен қатар «Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша тұрғындардың көптеп жолдаған өтініші негізінде бұрын жарықтандырылмаған 22 көшеде жарықтандыру орнатылуда.

Қазіргі уақытта мердігер ұйымдар жарықтандыру тіректерін монтаждау, шам орнату, кабель желілерін тарту және электр желілеріне қосу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Барлық жұмыс техникалық талап пен қауіпсіздік нормаларына сай атқарылып жатыр.

Тұрғындар өзгерістің тиімділігін айтып отыр.

«Бұрын кешкі уақытта көшеде қараңғы болып, әсіресе балалар үшін қауіпсіздік мәселесі қиын еді. Қазір жарық, жайлы, кеш шығудан қорықпаймыз. Ауданның көркеюіне атсалысып жатқан баршаға рақмет», – деді аудан тұрғыны Саида Филенкова.

Аудан әкімдігінің мәліметінше, сыртқы жарықтандыру бойынша барлық жұмыс кезеңдерін биыл жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Оқи отырыңыз: Адалдыққа әдет – жаңа норма: Алматыда сыбайлас жемқорлыққа қарсы форум өтті