Наурызбай ауданында мәселе қалай шешіліп жатыр

Бұл туралы аудан әкімі Назира Тоғызбаева өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында айтты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Наурызбай ауданында 2 емхана мен 3 дене шынықтыру кешені салынып жатыр. Бұл туралы аудан әкімі Назира Тоғызбаева өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ауданда  13 медициналық ұйым жұмыс істейді, онда шамамен 5 мың маман қызмет атқарады. Ал жалпы денсаулық сақтау мекемелеріне шамамен 190 мың тұрғын тіркелген. Сондықтан тапшылықты жою мақсатында ауданда жаңа емханалар мен алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталықтары бой көтеріп жатыр.     

Наурызбай ауданында инвестиция, бизнес-белсенділік пен бюджеттің кіріс бөлігі сияқты негізгі бағыттарда тұрақты өсім байқалған. Назира Тоғызбаеваның айтуынша, ондағы өңдеу өнеркәсібінің беталысы жақсы. Сондай-ақ ауданда қазір 30-дан астам шағын және орта бизнес нысаны жұмыс істейді. Ал кәсіпкерлікті үздіксіз қолдағанның арқасында шамамен 7000 жаңа жұмыс орны ашылыпты. Сондай-ақ аудан әкімі баяндамасында әлеуметтік нысандарға ерекше тоқталды. Айтуынша, биыл Наурызбайда 5,5 мың орындық 3 жаңа білім мекемесі ашылған. Сонымен қатар «Alem City» мен «Алма сити-3» тұрғын үй кешенінің маңында әрқайсысы 1 200 орындық екі жаңа мектептің, сондай-ақ №174 мектепке қосымша ғимараттың құрылысы жүріп жатыр. Бұл нысандарды 2026 жылдың бірінші тоқсанында ашу жоспарланып отыр. Одан бөлек, тұрғындарды үздіксіз медициналық қызметпен қамтамасыз ету ісі мықтап қолға алынған.

«Халыққа сапалы медициналық қызмет қамтамасыз ету үшін биыл шілдеде Құрамыс шағынауданында 500 адам қабылдайтын клиникалық - диагностикалық орталығы бар жаңа емхананың құрылысы басталды. Жұмыстар 2026 жылдың маусым айында аяқталады. Биылғы жылдың соңына дейін Шұғыла шағынауданында 500 адам қабылдайтын  тағы бір емхана құрылысын бастау жоспарланған», – деді Наурызбай ауданының әкімі Назира Тоғызбаева.

Аудан әкімі көше-жол желісін дамыту бағытында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар туралы да баяндады. Айтуынша, Наурызбайда биыл Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының тапсырысы бойынша жалпы ұзындығы 37,7 шақырым болатын 30 көшеге орташа жөндеу жүргізілген. Сондай-ақ инженерлік желілерді жөнге келтіру жұмыстарына ерекше көңіл бөлініп жатыр.

«Бұдан бөлек, «Тастыбұлақ», «Таусамалы» мен «Қарағайлы» жобалары бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алдық. Құрылысты 2026 жылы бастау жоспарланып отыр. Біз жаңа тұрғын үй массивтерінің инженерлік инфрақұрылымын кезең-кезеңімен шешіп келеміз. Бұл үйлерді орталықтандырылған жүйеге қосып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді», – деді Назира Тоғызбаева.

Наурызбай ауданында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша биыл 34 жоба іске асады. Қазір абаттандыруға арналған 16, қоғамдық кеңістік құратын 9 және аула аумақтарын жаңартуды көздейтін 6 жоба аяқталуға жақын. Сонымен қатар 47 аула жөнделіп, Райымбек, Досмұхамедов, Карьерная көшесі мен Қарғалы өзені бойында абаттандыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ ауданда жарықтандыру жайы жөнге келтірілуде.

«38 көпқабатты тұрғын үйді сыртқы жарықтандыру ісін қарастырғанбыз. Қазіргі уақытқа дейін 36-сы орындалды. 2 көпқабатты тұрғын үйіміз осы айдың ортасында аяқталады», – деді Коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Дастан Үмітқазы.

«Электр жарығы жарқырап тұрады, бұрын сөніп қалатын. Дархан Сатыбалды келгелі бәрі жақсы. Балалар көшеде ойнап жүр, қауіпсіз», – деді Наурызбай ауданының тұрғыны Сұлтанмұрат Таймас.

«Ұлықбек даңғылы жағында тұрамын, өте шаң-тозаң болатын, жарықтандыру мәселесі шешілмеген, қараңғы еді. Қазір жаңадан саябақ салынды.  Балалар алаңы салынды, жарықтандыру мәселесі шешілді. Кешке жақын бұрынғыдай қараңғы емес, өте жарық», – деді Наурызбай ауданының тұрғыны Мәдина Еркін.

Ауданда тазалыққа да ерекше мән берілген. Әкімнің айтуынша, биыл 10 айда Наурызбайда 45 сенбілік өткізіліп, оған 11 мыңнан астам тұрғын қатысқан. Акциялар барысында 5 500 текше метр қоқыс шығарылған. Қараша айының соңына дейін тағы екі сенбілік өткізу жоспарланып отыр.

Гүлмарал Изатқызы, Ғани Қалуов, Әлішер Ерғалиұлы

Оқи отырыңыз: 

 

Новости партнеров